KZ
Өскемен
+28°
переменная облачность жел 2 м/с, Ю
474.57 513.63 5.53

Рая Рахимова: Күршімге барған сапарымыз үлкен өзгеріске бастады

12.07.2024, 16:40 125 Жанаргүл Мұқатай

Кейіпкеріміз туралы: Рая Рахимова, дәрігер, балалар хирургі, қазір «Вита-1»  ЖШС директоры болып еңбек етуде. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Шығыс Қазақстан облысының және Өскемен қаласының құрметті азаматы.

Ота үстінде басқа адаммын

– Рая Жанғалиқызы, дәрігерлік еңбек өтіліңіздің өзі жарты ғасырға жетіп қалыпты. Жүріп өткен жолыңыз жастарға, маман кадрларға үлгі. Сізден сұхбат алуымдағы мақсатым да осы - жанымызда жүрген жақсы адамның сөзін халыққа жеткізу.

- Әр дәрігер бұл мамандыққа адам өмірінің құтқарушысымын деп келуі керек. Егер мен 17 жасыма қайта айналып келетін болсам, тағы да дәрігер мамандығын таңдар едім. Кезінде өз мамандығымды қателеспей таңдай алғаныма қуанамын. Оған отбасымның, әке-шешемнің тәрбиесінің тигізген септігі көп болды. Дәрігер - адамның өзі үшін керек мамандық. Балалар хирургі болып бастаған еңбек жолымда қуаныш, сүйінішпен еске алатын жылдарым, кезеңдерім өте көп. Әттеген-ай деп, араша түсе алмай қалған, жанарға жас толып, өкінген тұстар да болды. Барлық хирургтердей мен де ота жасауға кіргенде басқа адаммын. Жан-тәніммен берілемін. Ақша да, күйбең тірлік, өкпе,  реніш те «операционныйдың»  арғы жағында қалады.

Ауруды әлпештемеңіздер

- Бірнеше жылдан бері облыс орталығындағы «Вита -1» емханасын басқарып келесіз, алдыңызға еңкейген қарт, еңбектеген бала да келіп жатыр.

– Жетпіске келдім, оқта-текте болмаса мүлде дәрі ішпеймін, қолданбаймын. Қазір біздің емханаға келетіндердің басым көпшілігі үлкен адамдар. «Сіздер өз ауруларыңызды әлпештейсіздер, мәпелейсіздер» деймін мен оларға, кейбіреулері «менің диабетім бар ғой» деп ауруды өзіне теліп алып сөйлейді. Ауруды әлпештемеңіздер деймін оларға.  Сондықтан адамның өзінің психологиясы ауруға қарсы тұрып, жеңіп шығуға талпынуы керек.  Рак, сосын кенеттен келетін, аяқ астынан болатын инсульт, инфаркт сияқты қатерлі аурулардан басқасының бәрін жеңіп шығуға әбден болады. Қалғанының бәрін жазып, емдеуге болады.

Аурудың пайда болуы, болмауы адамның жан дүниесіне де байланысты. Байқап отырсақ, үлкендердің көпшілігінің ауруы жан ауруы екенін аңғарамын. Балалары өсіп, өніп басқа жаққа көшіп кеткен, Ресейге кеткен жалғызілікті апалардың қасында сүйенетін шалдары да жоқ. Жүректе қуаныш, тыныштық жоқ, алаң көп. Олардың көпшілігінің ауруы осы жарым көңілден пайда болып жатыр.

Мейлі, балалары басқа үйде, өзге қалада тұрса да бір хабарласып, келіп-кетіп жүрсе, «Мен сені жақсы көрем» деп ата-анаға деген жылуын жоғалтапаса аурулары азаяр еді.

Біздің емханада 13 мыңға таяу адам тіркеуде тұр. Тіркелушілердің саны аз болғанымен, науқастар көп. Мен бұл емханаға басшылыққа жеті жылдан астам уақыт бұрын келгенде, ешқандай бала тіркеуде болмаған еді. Қазір 1,5 мыңдай бала бар.

– Сіз үш шақырылымда облыстық мәслихаттың депутаты болдыңыз. Дәрігерлік пе, депутаттық па, қайсы сізді ерекше шабыттандырды?

– Шабыт беретіні дәрігерлік, әрине. Қай жерде, қонақта болсам да бір баладан, адамнан аурудың белгісін көрсем, кеңесімді беріп қалуға тырысаман. Оныма ренжісе де, қуанса да өздері білсін.

Сосын мені шабыттандыратыны қазіргі өркениет дәуірінің бәрімізге беріп отырған мол мүмкіндігі. Бұрыннан неміс тілін жақсы көретін едім. Қазір соны меңгерудің сәті туды. Күн сайын демесем де интернеттен ара-тұра кешке неміс тілін оқып, үйренемін.

«Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ» дегендей, қазір талабы бар жастың ерінбей, жалықпай оқып, Қазақстанды өркендетуге үлес қосатын шағы. Жастар демекші, жастардың кейбірі қарттардың ақылын тыңдамақ түгілі, қадірін білмей бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Қазіргі қоғамның ойсырап тұрған тұсы үлкенге деген құрметтің азайып, жоғалып бара жатқаны.  Алысқа бармай-ақ қояйын, қайсыбір медбикелер 80-дегі қарттар емханаға келсе, «асарыңды асадың, жасарыңды жасадың, неменеге келіп тұрсың» деген кейіппен селқос қарайтынын да көріп жүрмін. Оларға әрине, түсіндіріледі.

Ұстазым - Кәмен Оразалин

– Биік мінберлерден, қайдан көрсем де кесек-кесек сөйлеп, келелі ой, пікір айтып жатасыз. Ұлы Абайдың ауылынан, ақындар отбасынан шыққандығыңыздың дәлеліндей ме деймін.

– Әкем айтшылағанда қасына еріп жүретінмін, ән-жырымды айтып,  еміс-еміс есміде. Оның үстіне  ұстазым – Кәмен Оразалин еді, қазақ тілі мен әдебиетінен берген мұғалімім. Отбасымызда жеті баламыз. Ақындар мен жазушылардың отбасынан шықтым. Төлеген Жанғалиев деген ақын ағам әлі сол Абай ауданында. Жетпістің бесеуіне келді. Бәріміз сөздің адамы болдық. Сол себепті мен сөз өнерінен өзге дүниені, білімді, медицинаны таңдауды қош көрдім. Қыздың үлкенімін.

– Былтыр ғана үш адамның бірі болып «Өскеменнің Құрметті азаматы» атандыңыз. Шын көңілден қуанып қалдық.

–Мен Өскеменге 1976 жылы келдім алғаш рет, Алматыдан оқуымды бітіре салып. Ол кезде Өскеменде орыс көп еді. Алғаш осындағы жаңадан құрылып жатқан БСМП-ның хирургия бөліміне хирург болып келдім. Ауруханадан біздің ұлттың бір адамын көрсек, дәрігер болсын, науқас болсын, қасына жақындап, жақын тарта қарайтынбыз. Кезекшіліктен кетіп бара жатқанда бір-бірімізге: «Екінші хирургияда, немесе үшінші хирургияда біздің ұлттың өкілі түсті» деп ескертіп, айтып кетеміз. Соған көмектесуге тырысамыз. Ол кезде Өскеменде қазақ мамандар да, қазақтар да өте аз. Сізге айтайын, менің өте жақсы көретін хирург ұстазым болды. Қатты сыйлайтын едім. Бірде қасымдағы өзімнің әріптесіммен өз тілімізде, қазақ тілінде сөйлесіп жатқанмын. Сол үшін ол кісіден үлкен ескерту алдым. «Сендер неге түсініксіз тілде мына жерде сөйлеп тұрсыңдар» деп әріптесім екеумізге «дүрс» етті. Екеуміз де аңтарылып, бетіне қарап қалдық. Сол оқиға жүрегіме шаншудай қадалып, 48 жыл өтсе де осы күнге дейін зілдей болып жүрегімде жатыр. Аллаға шүкір, қазір мен қаншама орыс отырса да қазақша сөйлей беремін. Өйткені еркінмін, еркін елдің баласымын. Сондықтан қазіргі өмір мен ол кездегі өмірдің арасы жер мен көктей. Тілімізді, дәстүрімізді құрметтеп, дәріптеп ұрпақтың бойына сіңіртіп жатқан тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, еліміз дамып, өркендей берсін.

Мен үшін мәселе ұлтта тұрған жоқ, мәселе – өз Отаныңда қазақстандықтардың өз тілінде сөйлеуінде, қазақ тілінің құрметтелуі керектігінде. Мысалы, менің отбасым интернационал отбасы. Ұлым Германияда экономист болып еңбек етіп жатыр, әйелі неміс ұлтынан. Екеуі де өз балам. Қазақ емес, бөтен ұлт деп бөлмеймін. Қарапайым отбасы. Екеуі бір группада оқыған. Екеуінің мамандығы да экономист. Немерем дәрігер болғысы келді. Елге келіп алған білімдерін, көргенін Қазақстанға берсек дейді. Ұлымның да, шетелде, отанында  жүрген барлық қазақтың қыз-жігіттерінің жүрегі Қазақстан деп соғатынын білемін.

Салғанымыз көп, алғанымыз аз

– Денсаулық сақтау саласының дамыған елдердегідей сапалы, қуатты, мықты болуы қазақстандықтардың арманы. Еліміздің медицинасын дамытудағы кемшін тұстар қайсы деп ойлайсыз?

– Медицинада үлкен өзгерістер, реформалар жасалып жатыр. Жетістіктер де көп. Кейінгі уақытта медицинаны дамытуға өте көп ақша жұмсалды. Дегенмен солардың қайтарымы аздау болып жатыр, күткендегідей болмай келеді. Шетелде тәжірибе жинау жағы да көңіл көншітпейді. Өзім де қаншама шетелде болып, оқыдым. Қазіргідей шетелге бір, екі айға тәжірибе жинауға барудың берері аз бізге. Бұл тәжірибе жинаудан гөрі танысып қайту, өрісіңді кеңейтіп қайту дегенге ұқсайды. Әрине, көрудің өзі де жақсы, түк көрмей осы жақта жүре берсе оның несі жақсы? Адам өзгенің тәсілін, әдісін, медицинасын, басқасын көрген сайын оның ойы да, өрісі, өзі де өсе бастайды. Бірақ шетелдің медицинасының қыр-сырын, құпиясын біліп, меңгеруге аз уақытқа барудың берері аз. Бес адам барса да нақты біліп, үйреніп қайтса. Біздің облысқа орасан зор озық медициналық құрал-жабдықтар алынды, алайда ол көздегендегідей нәтижеге жеткізген жоқ. Тұрып қалғаны бар, істеп жатқаны бар, бірақ әлі нәтижесі аз. Салғанымыз көп, алғанымыз аз! Облыстың денсаулық сақтау саласында басшылар жиі ауысады. Осы уақытқа дейін Ана мен бала орталығының да басшылары жыл сайын дерлік ауысып келді. Жеті жылда алты бас дәрігер ауысса, ол қандай жетістікке жеткізбек! Кадр мәселесі дұрыс шешілуі керек.  Басшылыққа Жайық Амангелді ұлы келгеннен кейін ғана орталықтың жұмысы жөнге келіп, дұрыстала бастады.

Мен медицина саласының мамандарын ақылы оқытуға, мединститутқа  ақылы түсуге қарсымын. Мен мұны баяғыдан бері айтып келемін. Емдейтін факультеттердің студенттерін ақылы оқытуға болмайды. Ал медицина салысында менеджер болам, директор болам дегендер ақылы оқытыла берсін.

Сонымен қатар бұдан бірнеше жыл бұрын педиатрия мамандығын жауып тастады. О баста дұрыс еместігін айтқанмын, әлі күнге дейін айтып келемін. Балалар дәрігері болатындардың басым көпшілігі  медицинаға тек балалар дәрігері болу үшін, балаларды емдеймін, балалар дәрігері боламын деген мақсат қойып  келетін...

- Жаныңызды ауыртатын, көңіліңізге кірбің түсіретін жайт бар ма?

- Өскемен мен Семейдің арасындағы жолдың әбден тозғаны  жанымды ауыртады. Жыл өткен сайын ені тарылып, ойдым-ойдым болып, тозығы жетіп барады. Жақында ғана жүріп өттім. Әлі сол қалпында. Осы 180 шақырым жолды дәл Германиядағыдай болмаса да, әлдеқашан жөндеп, жөнге келтіруге болатын еді ғой.

Семейден шығып Қарауылға кетіп бара жатқандағы елді мекендердің шаруашылықтары бар, ауыл тұрғындары бар қара қойдың жүнін мая-мая қылып өртеп жатады. Обал-ай. Елімізде, өңірімізде осы қойдың жүнін кәдеге жарататын бір өндіріс орнының ашылмағаны қалай? Кисе киім, ашса жұмыс орны, сатса ақша болатын малдың жүні, терісі зая кетіп жатыр. Депутат болған жылдарымда бармаған ауылым жоқ, барлық ауылда қой жүні мен терісі осылай текке жатыр.

Өзге облыста жоқ бөлім бізде ашылды

– Ерекше қуанған, ерекше есте қалған шақтарыңыз көп шығар?

– 1991 жылдың жазы еді. Облыстық Ана мен бала орталығының басшысы болып жүрген кезім.  Балалар хирургі Кенжехан Сәбиұлымен бірге Күршім ауданына барып, балаларды қабылдап жатқан кезімізде алдымызға 15 жасар әп-әдемі бір қыз сылти басып кіріп келді. Әлгі қызды қарап жаттым да бірден Кенжеханға: «Кенже, мына бала қандай әдемі, ал аяғын қарашы, «врожденный вывих бедра», тірек-қозғалыс аппаратына зақым келген балалар көбеюде, Өскеменнен балалардың травматология мен ортопедия бөлімін ашайық, сен енді хирург-травматолог боласың!» дедім салған жерден. Ол хирург еді. Осылайша, Кенжеханды мамандандырудан өткізіп, тәжірибесін толықтырып, біраз уақыттың ішінде балалар ауруханасының ішінен травматология - ортопедия бөлімін аштық.  Күршімге барған сапарымыз осылай үлкен істің бастауы болды, үлкен өзгеріске бастады. Cөйтіп, Кенжехан Рахымжанов  хирург-травматолог дәрігер болды. Кенжехан бұл күнде жоқ, қайтыс болып кетті өкінішке қарай, жігерлі еді. Ана мен бала орталығындағы травматология-ортопедия бөлімін алғаш рет осы Кенжехан Сәбиұлы өзі ұйымдастырып ашқан болатын. Ол өзіне үлкен жауапкершілік алып, жас та болса бөлімді өз деңгейіне жеткізіп кетті. Қазіргі травматология-ортопедия бөлімі Кенжеханның атымен аталса да артық емес. Кенжеханға облыстық аурухананың травматолог- ортопед дәрігері Михайл Колесников та көмектесті. Келесі жылы  Семей медициналық университетіне барып, осы мамандық бойынша бітіріп жатқан түлектерді өзімізге алып келдік. Айта кетейін, бізге дейін өзге бірде-бір облыста мұндай  балалардың травматология-ортопедия  бөлімі болған жоқ.  Осы жетістігіміз ерекше есімде қалды, қатты қуандым. Бір-екі жылдан соң іле-шала Балалар нейрохирургиясы бөлімін аштық. Ресейден нейрохиругтерді шақырдық. Оның ішінде өзіміздің Өскемендегі №1 емханада жұмыс істеген Александр Медленко деген нейрохирургіміз Ульяновскіге көшіп кеткен болатын, соны уақытша шақырып алдық. Сол кісі көп нәрсені үйретті. Қазіргі нейрохирургия бөлімі де осылайша ашылған еді.

 Өздеріңіз білесіздер, Өскеменнің экологиясы нашар, аллергиялық аурулар өте көп. Балалар арасында аллергия аурулары көбейіп кетті. Осы ауруды емдеуде нәтижеге жету үшін орталықта Балалар аллергиясы бөлімін аштық. Бұл 2005 жылдар болатын.

Кейін депутаттық қызметте Бердібек Мәшбекұлымен жасымыз ғана емес, пікір, мақсатымыз да бір болып, саланың, қоғамның дамуына қатысты көптеген ұсыныстарыма қолдау білдіріліп, шешімін тапты.

Гастроэнтерологтың басындағыны терапевт білуі тиіс

– Иә, сонау қиын-қыстау шақта барлық облыстардың арасында алғашқы болып орталықта балалар үшін аса қажетті бөлімді ашыпсыздар. Қазір жетпей жатқан эндокринолог, гастроэнтеролог, инфекционист тәрізді дәрігер мамандарының тапшылығын қалай шешуге болады?  Неге жетпей жатыр?

– Меніңше, мақсат, ниет болса маман тапшылығын шешу оп-оңай. Белгілі бір маман дәрігер болып жүрген дәрігерлердің басқа дәрігерлік мамандыққа ауысуы үшін оларды қайтадан екі, үш жыл резидентура оқытып, миын ашытудың қажеті жоқ. Мысалы, балалар хирургі мен балалар уролог-хирургі деген бар. Екеуінің жасайтын оталарының көбі бір-біріне ұқсас. Ал, енді балалар хирургі балалар хирург-урологы болуы үшін екі жыл оқуы керек. Кардиохирург сияқты күрделі оталарды жасайтын мамандарды екі-үш жыл қайтадан оқытсын, ал қатардағы мамандарды бір бағыттан екінші бағытқа ауыстыру үшін екі-үш жыл тағы да оқыту дұрыс емес деп ойлаймын.  Екі, үш жыл оқытып, қаңғытып жүргенше, көп дегенде бес ай нақтылап, сапалы білім беріп, тәжірибе жинатып, тыңғылықты оқытып, мамамандандырса сол жетеді. Гастроэнтерологты екі жыл оқытудың қажеті жоқ. Гастроэнтерологтың басындағысын әр терапевт білуге тиіс. Жаңа министр өзгерістер әкеліп жатыр. Осы бағытта өзгертсе маман тапшылығы азаяды. Мен алдыма келген талабы бардың біреуін де қайтармаймын, тәжірибе жинақтатып, үйретіп аламын.

- Нәп-нәзік иығыңызбен 48 жыл бойы ауыр әрі жауапты жүкті көтеріп келесіз. Бұл сіздей жанды, сіздей жарды, ананы түсініп  келе жатқан үйдегі отағасының қолдауы мықты екенін көрсетсе керек.

 - Әйел адамның бақытты болуы үшін байлық та, дүние де маңызды емес. Отбасындағы жарыңның сыйластығы, қолдауы. Маған дем беретін оның жан жылуы, жанашырлығы, махаббаты десем де болады. Жарым Нұрланды Алматыда кездестірдім. Ол спортшы ғой. Нұрлан Өскеменде болатын ол кезде, өзі  отбасындағы жалғыз ұл екен. Оның қарындасы Зәуре мединститутта менімен қатарлас группада оқыған еді. Мені таныстырған сол Зәуре.  Нұрлан сосын мені Алматыға іздеп келіп, танысты. Оқу бітірген тұрмысқа шығып, осы Өскеменге келіп тұрдық. Өскемен маған өте ыстық, Өскеменімді жақсы көремін. Қазір Аллаға шүкір, екі ұлымыздан өсіп өніп жатқан немерелеріміздің ардақты ата, апасы болып отырмыз.

– Бір емес, бірнеше кітапқа жүк боларлық әсерлі әңімеңіз үшін көп рахмет!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив