KZ
Өскемен
+19°
переменная облачность жел 1 м/с, С
480.55 533.75 5.36

Тарбағатайда тағылымды іс көп

2.08.2024, 11:17 81 Анель Слямғазықызы

Ауылға көрік беретін нәрсе атқарылған еңбектің жемісі, нәтижесі екендігі түсінікті. Тарбағатай ауданы екі рет Зайсанға, бір рет Ақсуатқа қосылды. Әлбетте, бұл да бір заман талабы шығар... Біздің айтайық дегеніміз, осы уақыт ішінде Тарбағатай халқының берекесі мен бірлігі, еңбекқорлығының арқасында аудан орталығы Ақжардың, оған қарасты елді мекендердің тыныс тіршілігі, келбеті сақталып отырды.
Жаңа заманның көшіне ілескен жастар білім іздеп ірі өнеркәсіп ошақтары шоғырланған қалаларға қоныс аударғандықтан мектептерде оқушылар саны да азайды. Дегенмен, мемлекеттің қолдауының нәтижесінде ауыл-ауылдағы білім ошақтары жұмысын жалғастырып, жемісін беріп келеді. 
Жалпы ауданда әлеуметтік және мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстардың нәтижесін Тұғыл, Құйған секілді елді мекендерден көруге болады. Соның біріне тоқталайық. 

Құйған ауылының кіре берісінде Мұстафа Өзтүрік саябағы мен әр жылдардағы мектеп түлектерінің бастамасымен салынған Арғанаты саябағы көз тартып тұр. Сәулетті екі қабатты емхана жұмыс істеп тұр. Құйғанның тумасы, кәсіпкер Нариман Қасенов өз әке-шешесі тұрған үйдің орнына салған Қайша саябағы да ел игілігіне берілген.

Сондай-ақ аудан жұртшылығына есімі белгілі бейнелеу өнерінің шебері Мәуітхан Зейноллаұлының көркем туындыларына негізделген әр көшенің атына сай монументтер орнатылды. Бұл бастаманы тұрғындар бірден қолдап, салтанатты іс-шараны бірлесе атқарды.
Аудан жұртшылығының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғандықтан қысқы азықты дайындау үшін алқаптарда қызу жұмыс жүріп жатыр. Сонымен бірге шаруа қожалықтары төрт түлік малды суы тұнық, шөбі шүйгін, қоңырсалқын жайлауда бағып, баптауда. Ұяда нені көрсең ұшқанда соны ілесің деген халық мақалы тегін айтылмаған. Қазіргі жастардың тұрмыс-тіршілігі, береке-бірлігі үлкендерден алған үлгі өнеге, ұлттық салт-дәстүр құндылықтарының жалғасы екені сөзсіз. Осы орайда жетпістің жотасына шыққан Кәжібаев Серік, Мұхаметқалым Мұратқан, Малгаждаров Әлімбек, Абыюров Аян, Топев Сайлау сынды ауыл ақсақалдарының науқан кезінде трактор тізгінінде жүруі - жастарға үлгі-өнеге болатын іс. 
Еңбек ете білген адамға қай жерде болсын игілік бар. Ұлттық құндылықтың түп-тамыры, әлеуметтік экономикалық жайдың негізі ауылда екендігі белгілі.

Біз мұнымен белгілі бір адамдардың жеке басын дәріптеуді мақсат етпейміз, мақсатымыз – бірлігі жарасқан ауыл тұрмысын көпке үлгі ету.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив