KZ
Өскемен
+11°
ясно жел 0,7 м/с, СШ
478.89 528.74 5.29

Саяжай халқы облыс басшылығынан көмек сұрап отыр

6.08.2024, 10:45 348 Нұржан Кенжеұлы

Өскемендегі 800-ден астам тұрғыны бар «Ярославец» пен «Рауан-Восход» бау-бақша серіктестіктерінде екі күннің бірінде жарық сөнеді. Бір қызығы, жергілікті тұрғындардың айтуынша, халықтың «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдында анау айтқандай қарызы да жоқ екен, «электр энергиясы үшін төлемді ай сайын кешіктірмей жасап отырамыз» дейді олар.

Соған қарамастан, 300-ден астам үйі бар іргелес жатқан екі бау-бақша серіктестігінің тұрғындары жарықтың игілігін жөнді көре алмай отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Белгілі болғандай, бір іргелі ауылға пара-пар халқы бар елді мекендердегі проблема осыдан бірнеше ай бұрын басталған-ды. Негізі, бұл мәселе бұрыннан бар болатын, алайда соңғы бірнеше айда жағдай тіптен ушығып кетті, дейді тұрғындар. Әсіресе, кішкентай балалар мен науқас жандарға оңай болмай тұрған көрінеді.

Сондай жандардың бірі – Күлзада Нұрахметова. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған 66 жастағы Күлзада апай түйіні тарқамай тұрған жарық мәселесі тезірек шешілсе екен деп тілеп, жоғары жақтағылардан көмек сұрап отыр.

– Күніне 16 сағат аппараттың көмегімен тыныс аламын. Екі сағат аппаратқа қосылмасам, тынысым тарыла бастайды. Жарық сөніп қалса, кәдімгідей қиналып қаламын. Амалсыз, туыстардың үйін паналауға тура келеді. Жүріп-тұруымның өзі оңай емес. Сондықтан, ел ағаларынан осы бір мәселені шешіп беруін сұраймын, – дейді Күлзада Нұрахметова.

Жалпы, қазіргі уақытта облыс орталығының әр шетінде орналасқан саяжайлар мыңдаған тұрғынның тұрақты мекенжайына айналған. Бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындарына қалалық ретінде тіркелуге де рұқсат берілген. Алайда, мәселенің екінші жағы да бар. Негізі, әу баста саяжай үйлері жыл бойы тұруға арналып салынбаған еді. Демек, кооперативтердегі электр желілері қазіргі кездегі жүктемелерге есептелмеген. Жарықтың жиі сөнуі де содан, дейді мамандар.

– Соңғы екі ай ішінде бұл проблема әбден зығырданымызды қайнатты. Күн аралатып жарықсыз отыратын болдық. Бізбен ешкім санасқысы келмейтіндей. Еш ескертусіз жарықты сөндіре салатын болды. Ауа райына не апатқа байланысты болса түсінер едік, ал тапа-тал түсте не ел жұмыстан үйлеріне оралған кезде жарықтан ажырату барып тұрған бассыздық. Қалалық әкімдікке де, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне де хабарластық, бәрінің айтатыны «Сіздер өзін-өзі қаржыландыру аймағында тұрасыздар, сондықтан бұл мәселені өздеріңіз шешу керексіздер» дегенге саяды, – дейді «Ярославец» бау-бақша серіктестігінің тұрғыны Эльза Мацакова.

Тұрғындар қала әкімдігінің бұл уәжімен де келісіп отыр. «Өзіміздегі электр желілері мен трансформаторды жөндеуге қарсы емеспіз. Сондай-ақ қоқыс шығару және үйлерге су тарту мәселелерін де өз бетімізше шешуге әзірміз. Тек осы жарық мәселесін бір жақты етсе, деген тілегіміз бар» дейді жергілікті тұрғындар.

Қалалық әкімдікке хабарласқанымызда, ондағылар бау-бақша серіктестігінің ішіндегі электр желілері әбден тозғанын айтып, оларды күтіп ұстау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілмей келе жатқанын жеткізді. Ал мұның бәрі – жарықтың жиі сөнуіне бірден-бір себеп.

– Әр бау-бақша серіктестігінде жергілікті желілердің техникалық жағдайын қадағалап, оны күтіп-ұстайтын бір әйтпесе бірнеше жауапты маман болуы керек. Егер бұл жұмыс жөнді атқарылмаса, дәл осындай проблемалар туындай беретін болады. Жалпы, бұл – барлық бау-бақша серіктестігіне тән мәселе. Қазіргі уақытта олардың көбінде қызмет көрсету персоналы жоқ. Ал бұл мәселе шешімін тапса, жарықтың сөну проблемасы да күн тәртібінен түсетін болады, – деп түсіндірді қалалық әкімдіктегілер.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив