KZ
Өскемен
-16°
пасмурно жел 1,4 м/с, В
498.34 519.72 4.85

Жол үстіндегі ғұмыр

6.08.2024, 16:01 150 Айжанат Бақытқызы

Жексенбіде Қазақстанның көлік саласының қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті. Жүргізуші, диспетчер, кондуктор, машинист, жолсерік, ұшқыш, стюардесса, техникалық қызметкерлер, яғни автомобиль, теміржол, су және әуе көлігінің 650 мыңнан астам өкілі күн сайын халықтың жайлы әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Осы орайда Altainews.kz тілшісі кәсіп өкілдерінің бірін әңгімеге тартқан еді.

Ерболат Шәкенов 36 жыл бойы көлік жүргізіп, оның 30 жылында автобус жүргізушісі болған. Ол бала кезінен автобус жүргізуді армандағанын айтады. Еңбек жолын Алматы мен Үшаралға қатынайтын қалааралық маршруттардан бастап, Новосібір мен Қарағандыда болды. Ал 90-жылдардың аяғында Астана елорда болған кезде жерлестерін Қазақстанның бас қаласына тасымалдайтын болған.

– Орташа алғанда, ең ұзақ маршруттар шамамен бір күнді алады. Мысалы, Алматыға келіп, сонда бір күн демалып, келесі күні Өскеменге қайтамыз. 50-ге жуық адамды тасымалдаймыз. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, қыста жолда қиындықтар болуы мүмкін, бірақ біз оған үйреніп қалдық. Адамдармен жұмыс істеу қызықты, – дейді Ерболат Шәкенов.

Бүгінде Ерболат аға «Vostok Bus» ЖШС-нің аға жүргізушісі. Оның бағыттары – Өскемен – Зайсан, Өскемен – Ақжар, Өскемен – Алматы, Өскемен – Павлодар.

– Ұжымдағы жігіттер еңбекқор және жауапкершілігі мол. Компания қазірдің өзінде екінші автобус паркін жаңартып жатыр, бұл жақсы жаңалық. 20 шақты қалааралық автобус, сондай-ақ 6-7 шағын автобус сатып алынды. Алдағы уақытта тағы сатып алу жоспарланып отыр. Салондарда ауа баптағышы, шалқаятын орындықтары бар, барлық жағдай жасалған, – дейді аға жүргізуші.

Бүгінде Шәкеновтер отбасының балалары есейген, үлкен қызынан немерелер сүйіп отыр, ал кенжесі медициналық университетте оқуын аяқтауда. Ал жұбайы оның жұмыс кестесіне үйреніп қалған. «30 жылдан кейін қайда барсын» деп әзілдейді Ерболат аға.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу