Шығысқазақстандық ғалым тасқынның алдын алатын жүйе ойлап тапты
Шығысқазақстандық ғалым су тасқынының алдын алатын мониторингтік желі жобасын жасады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры Мархаба Кәрменова үш метеостанциясы бар мониторингтік желі әзірлеп жатыр. Мұндай өнертабыс Қазақстанның агроценоздарының су режимін объективті талдауға және болжауға мүмкіндік береді. Бұл кейіннен елдегі су тасқыны жағдайының алдын алуға және ауыл шаруашылығы саласының дамуына оң әсер береді.
Жаңа жоба Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған байқауда үздік деп танылып, өзектілігін дәлелдеді.
ШҚУ ғылыми тобының алдағы жұмыстары бірыңғай деректер базасын құруға және ауыл шаруашылығын жүргізу әдістері, су ресурстарын басқару және климаттың өзгеруі жағдайында өсімдік шаруашылығын бейімдеу стратегиялары бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеуге бағытталмақ.