Дауасыз дерттен сақтан
Суретті түсірген автор
Елде соңғы он жылда АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыру екі есеге артқан. Сырқатқа шалдыққандардың бәрі түгел тіркелмейтіні, осы ауруға қан тапсырып, тексеруден өтпейтіндіктен анықталмай жүргендер тағы бар.
ШҚО ЖИТС орталығының мамандары қауіпті дертті жұқтырғандар тағайындалған емдерді қабылдап, емделетін болса, өмір сүру сапасы, ұзақтығы артып, өмірге дені сау бала әкеле алатынын айтады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Бірнеше жыл бойы білінбейді
Біздің облыста АИТВ (ВИЧ) ауруын жұқтырған 5222 адам анықталып, 3035 (қайтыс болғандар, өзге жаққа көшіп кеткендер бар) адам есепке алынған. Биыл аталған дертті жұқтырғандар саны былтырғыдан он адамға азайған. Аталған ауру алғаш анықталып, тіркелген кезеңде, яғни 1997 жылы өңірде бұл дертті жұқтырған үш адам ғана тіркелген болса, бүгінде аймақ ЖИТС жұқтырғандар саны аса көп, қолайсыз өңірдің бірі саналады. Облыста аурудың 15-49 жас аралығында таралу деңгейі – 0,81 пайыз. АИТВ індетін жұқтырғандар әсіресе Алтай, Шемонайха, Глубокое аудандары мен Өскеменде жиі тіркеледі. Облыстық ЖИТС орталығы эпидемиологиялық бөлімінің эпидемиолог дәрігері Наталья Селезнева АИТВ жұқпалы ауруы бұрын нашақорлар арасында жиі кездессе, қазір қауіпті ауруды жыныстық қатынас арқылы жұқтырып жатқандар көбейгенін айтады. Жүргізілген талдаулар ауруға ұшырағандардың 61 пайызы осындай жолмен жұқтырғанын көрсетіп отыр. Жұқпалы дертке шалдыққандардың арасында нашақорлар, маскүнемдер, кездейсоқ жандармен сақтанбай жыныстық қатынасқа барғандар, жеңіл жүрістілер, өкініштісі, студент те, жоғары білімді мамандар да бар. Сондықтан ата-аналар, мектеп ұжымы балаларға отбасылық адалдық, салауатты өмір салты, жыныстық қатынас тәрбиесін ерте кезден, мектеп қабырғасында жүрген шағынан бастап беруі керек дейді орталық дәрігерлері.
АИТВ (ВИЧ) инфекциясының қалай алдын алуға болады? АИТВ-жұқпасы – адамның иммунитет тапшылығы вирусының лимфоциттерде, макрофагтарда және жүйке тінінің жасушаларында ұзақ жылдар сақталуынан дамитын, иммундық жүйені зақымдайтын жұқпалы ауру. АИТВ инфекциясының өзіне тән шағымдары, белгілері жоқ.
Ауру біртіндеп басталады. Алғашқы уақытта ауру тұмауға ұқсас белгілерден басталуы мүмкін, сонымен бірге дене қызуының көтерілуі, лимфа түйіндерінің ұлғаюы мүмкін. АИТВ-инфекциясының төрт клиникалық сатысы бар, бастапқы екі сатысы ешқандай белгісіз, симптомсыз ағыммен және ұзақ сақталатын лимфоаденопатиямен сипатталса, 3-4 сатыда басқа да әртүрлі симптомдар мен синдромдар асқына бастайды, соның ішінде тыныс алу жолдарының созылмалы инфекциялары, әртүрлі дерматиттер, ауыр бактериялық инфекциялар, герпес, пневмония, туберкулез және басқа аурулар.
Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырудың негізгі жолдары – бұл мүшеқапсыз жыныстық қатынас, инъекциялық есірткіні пайдалану кезінде (есірткі қолданатындар арасында таралған) стерильді емес құралдарды ортақ пайдалану және АИТВ жұқтырған анадан балаға (жүктілік уақытында, босану кезінде және емізу кезінде ана сүті арқылы) жұғуы мүмкін. Жұқтырудың басқа жолдары жоқ, сондықтан АИТВ-ны ауа тамшылары арқылы, ортақ ыдысты пайдалануда, тамақ арқылы жұқтыру мүмкін емес. Вирус қоршаған ортада тұрақсыз болғандықтан ол адам ағзасынан тыс жерде өмір сүре алмайды.
АИТВ анықталған жағдайда, әйелге жүктіліктің 14 аптасынан бастап АИТВ-ның алдын алуға арналған ретровирусқа қарсы дәрі-дәрмек тағайындалады, емшек сүтінде вирустың болуына байланысты бала туғаннан кейін ана сүтімен емес, тек жасанды тамақтануға ауыстырылады. Жоғарыда айтылғанның негізінде АИТВ-инфекциясының берілуі мен алдын алу шараларын біле отырып адам өзін ауруды жұқтырудан қорғауға болады.
«Достық кабинеті» бар
АИТВ жұқтырғандар дәрі-дәрмекті облыстық ЖИТС орталығынан тегін алады. Аталған ауруға тексерілу үшін тұрғылықты жердегі емханада қан талдауын тегін тапсыруға болады.
Сәуле Кениспекова, облыстық ЖИТС орталығы эпидемиологиялық бөлімінің меңгерушісі:
ҚДП төмендегі топтарға ұсынылады:
1) инъекция арқылы есірткі тұтынатын адамдар, оның ішінде соңғы 6 ай ішінде инъекциялық енгізу және пайдалану кезінде құралдарды ортақ пайдаланған;
2) жақында қорғансыз жыныстық қатынаста болған немесе соңғы 6 айда жыныстық жолмен берілетін инфекциялар (ЖЖБИ) диагнозы қойылған ерлермен жыныстық қатынаста болған ерлер;
3) АИТВ жұқпасының тұрақты жұқтыру қаупі бар, белгісіз АИТВ статусы бар серіктестермен жыныстық қатынас кезінде қорғаныс құралдарын (мүшеқап) тұрақты пайдаланбайтын гетеросексуалды ерлер мен әйелдер;
4) серодискордантты жұптардағы АИТВ-теріс серіктестер АИТВ-оң серіктестерде анықталмайтын АИТВ-вирустық жүктемеге қол жеткізу үшін.
Біздің облыстық ЖИТС орталығында ҚДП 2021 жылдың шілдесінен бастап енгізілді. Орталықта АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары адамдар ҚДП алуға өтініш бере алатын «Достық кабинеті» жұмыс істейді. Қазір біздің орталықта 100-ден астам адам ҚДП бойынша ем қабылдауда. АИТВ инфекциясын дер кезінде алдын алу – болашақ ұрпақ денсаулығының кепілі.
«Достық кабинеті» демекші, бүгінде әлемнің бірқатар елінде жастарды некеге тұрар алдында толық медициналық тексеруден өтуге заң жүзінде міндеттейтін «Некеге тұрар алдындағы тексерулер кабинеті» бар. Отау құрғысы келетін екі жас дәрігерге қаралып, қандай да бір сырқатының бар-жоғын анықтайтын анализдер тапсыруға тиіс. Әр елде талап әртүрлі, тексерілетін сырқат түрлері де бірдей емес. Дегенмен олардың негізін венерологиялық аурулар құрайтын көрінеді. Медициналық тексеру нәтижесінде жастардың екеуі де некені тіркейтін органға медициналық анықтама өткізуге тиіс. Олар мұндай анықтама өткізбесе, неке қия алмайды.
Үйленерде тексерілу артық болмайды
Жақын шетелдердің кейбірінде де үйленуге ниет қылған жұптар психикалық, наркологиялық, соз ауруларына (гонорея), туберкулезге, АИТВ (ВИЧ) және ЖИТС-қа (СПИД) тексеріледі. Бұл екі жастың өмірі мен ұрпақ саулығы үшін керек. Егер біздің елде де осындай медициналық міндеттеулер енгізілсе, бәлкім, сәби сүйе алмай жүрген жұптардың саны азайып, ойланбастан, опық жеп, тұрмыс құрып немесе үйленіп, жұқпалы дертке душар болғандар мүлде болмас па еді? Біздің елде осы орайда жастарды желкелеп, жетектеп медициналық тексеруден өтуге міндеттемесе де, олар өздері үшін саналы түрде тексерілуге баратындай ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізіліп, қандай да бір қолайлы мүмкіндіктер туғызылып, қолдаулар көрсетілсе.
Ғасыр дерті атанған қауіпті ауруға қарсы вакцина жоқ. Одан біржолата сауықтыратын дәрі жоқ. Бұл аурудан ешбір адам сақтандырылмаған, кездейсоқ жұқтырып алуы да мүмкін (тіс емханасында, қан құю кезінде, т.б жағдайларда).
2006 жылы Шымкентте (балалар ауруханасында) дәрігерлердің салғырттығынан, білімсіздігі мен салақтығынан 149 балаға жаппай АИТВ (ВИЧ) вирусының жұққанын білеміз. Сондықтан жұқпалы аурудың алдын алу үшін, онымен медицина ғана емес, отбасы, мектеп, қоғам болып, бұқаралық ақпарат құралдары болып күресіп, халықты дауасыз дерттен сақ болуға тәрбиелеу қажет.
Автор: Жанаргүл Мұқатай