Семейде өткен «Былғары доп» жарысының бас жүлдесі Жамбыл облысына кетті
Семейде бір аптаға созылған «Былғары доп-2019» жарысы мәресіне жетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Биылғы доп додасына еліміздің жеті өңірінен келген жетінші және сегізінші сыныптарда оқитын қыз балалардан құралған командалар қатысты.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз болып Жамбыл облысының құрамасы танылса, жүлделі екінші орынға еліміздің оңтүстігінен келген тағы бір ұжым – Түркістан облысының командасы ие болды. Ал үздік үштікті Шығыс Қазақстан облысының өкілдері – Ұлан ауданының құрамасы түйіндеді.
Еске салайық, Семейде мұндай жарыстар жыл сайын ұйымдастырылады. Осы ретте қазақ футболының отаны саналатын өңірде «Былғары доп» жарысының дәстүрлі түрде өткізілуіне Білім және ғылым министрлігі жанындағы ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы мен Семейдегі футбол қауымдастығы мұрындық болуда екенін атап өткен орынды.