Шығысқазақстандық жаттықтырушылар олимпиада чемпионының семинар-тренингіне қатысып қайтты

Шығысқазақстандық жаттықтырушылар төрт дүркін Әлем чемпионы, 2004 жылғы Афина Олимпиадасының жеңімпазы, америкалық Дуайт Филлипстің семинар-тренингіне қатысып қайтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл іс-шара Алматы қаласында ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген жеңіл атлетика бапкерлері жиналды. Семинар-тренинг барысында кезінде талай байрақты бәсекеде топ жарған америкалық атлет ұзындыққа секіру жаттығуларын жетілдіру, спортшылардың физикалық дайындығын жоғарылату сияқты мәселелерге қатысты тәжірибесімен бөлісті.
– Біз үшін бұл өте пайдалы әрі қажетті семинар-тренинг болды. Мәселен, атақты голландиялық бапкер Хенк Краенхофпен, сондай-ақ бразилиялық физиотерапевт Фелипе Коимбра Мейрамен жүздесіп, оларға өзімізді қызықтырған сұрақтарды қоюға мүмкіндік алдық. Шығысқазақстандық жаттықтырушылар үшін осындай әлем мойындаған әріптестерімен кездесу – зор жетістік, – дейді жерлес бапкер Александр Кругликов.