ШҚО-да ауыл медицинасын дамытуға қанша қаржы бөлінеді?
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Бұл жөнінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаевтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс екінші сессиясында айтылды.
Сессияның жұмысына облыстық басқармалардың, құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері тікелей қатысса, қалалар мен аудандар әкімдері, мәслихаттардың төрағалары бейнебайланыс режимінде қосылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №21/192-VII «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Бельбеев баяндады.
Оның түсіндіруінше, өңірлік бюджеттің параметрлерін нақтылауға ағымдағы жылға арналған республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттер көлемінің өзгеруі, босаған қалдық қаржыларын бөлу және облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің қаражатын басым бағыттарға қайта бөлу негіз болған. Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, қайта бөлінген қаржының басым бөлігі аймақтың денсаулық сақтау, білім, көлік инфрақұрылымын дамыту салаларына қарай бағытталған.
Басқарма басшысының мәлімдеуінше, денсаулық сақтау саласынан бөлек, 4 млрд 679 млн теңгеден астам қаржыға көлік инфрақұрылымын дамытуға трансферттер ұлғайтылды. Бұған Күршім ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір өткелін салу және Өскемендегі Жібек Жолы көшесінен "Өскемен – Алматы" бағытындағы автомобиль жолын қайта жаңғырту секілді ірі жобалар кіріп отыр.
Баяндамада айтылғандай, білім беру саласында мектепке дейінгі білім беру педагогтарының еңбегіне ақы төлеуді (847,8 млн теңге), сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендия мөлшерін (457,6 млн теңге) ұлғайтуға да қосымша қаражат бөлінеді.
Баяндамашы сонымен бірге облыстың ауыл шаруашылығы, құрылыс, ТҮКШ, қоғамдық тәртіпті сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, қоғамдық дамыту мен жастар саясаты, цифрландыру, шағын және орта бизнесті қолдау салаларына да қаржы қарастырылғанын атап өтті.
– Жаңа тыңдағандарыңыздай, облыстық бюджетке өзгеріс енгізіп, нақтылау шеңберінде жалпы сомасы 39 млрд теңгеден астам ұлғайту көзделіп отыр. Өздеріңіз жақсы білетіндей, бұл жолы облыстың қазынасынан қомақты қаржы денсаулық сақтау саласына бөлінгелі отыр. Бұл қадам – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауында айтқандарын іске асыру аясында әзірленген «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы. Сондықтан ауылды жер медицинасына басымдық беріліп отыр, – деп қорытындылады Алмасхан Сматлаев.
Салаларға бөлінген қаржылардың ұсынылған сомасы депутаттар тарапынан бірауыздан қолдауға ие болды. Сессияда қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.