Өскеменде Ұлан ауданы өнерпаздарының гала-концерті өтті
Өскемен қаласындағы “Ертіс концерт” үлкен залында Ұлан ауданы өнерпаздарының қатысуымен “Ұланым-мақтанышым” атты гала-концерт өтті.
Шара «Туған жер – алтын бесігім» жобасының аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мәдени күндер аясында жергілікті өнімдердің,қолөнер бұйымдарының, майлы бояумен, түрлі материалдан өрнектеп салынған суреттердің көрмесі де ұйымдастырылыпты. Сол ауданнан шыққан ақын-жазушылардың кітаптары да қаз-қатарынан тізілген.
Келушілер, әсіресе,бағалы тастар қойылған минералдар көрмесі мен аудандық “Балалар шығармашылық үйі” ұстаздарының сурет салу процесін таңдана тамашалап жатты.
Залға кірген сәттен-ақ ұлттар достығына куә боласың.Әр келушіні түрлі этнос өкілдерінің ұлттық киімін киген жастар қарсы алып, құрмет көрсетеді. Ал фойеде Ұланнан шыққан ұлы тұлғалар Қасым Қайсеновтың, Зәки Ахметов пен Сәрсен Аманжоловтың кейпіне енген театр актерлары халықпен суретке түсіп жүр.
Ұлан ауданының мәдени күндері 2 күнге созылмақ. Ертең “Fresh Market” сауда орталығында ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылады.