Өскеменнің 19 аты жоқ көшесіне жаңа атаулар берілді

Фото: Тілеубек Шаяхмет
Өскемен қаласының 20-шы, 18-ші тұрғын аудандары мен Самсоновка ауылы маңындағы 19 атаусыз көшеге атау беру туралы мәселе бүгін өткен Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс екінші сессиясының күн тәртібінде қаралды.
Аталған көшелер аумағында бірқатар тұрғын үйлер салынып, құтқару қызметі қызметкерлерінің тұрғындардың мекенжайын таба алмауына байланысты атау беру қажеттігі туындағаны белгілі. Осы көшелерде өндірістік және басқа да нысандар жоқ, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Мұның алдында «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабының 2) тармақшасына, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-1 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысымен бекітілген әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру кағидаларының 7-тармағына сәйкес Өскемен қалалық мәслихатының қоғамдық тыңдауы өткізілген.
Осыған орай, қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұсынылған көше атаулары Өскемен қаласы әкімдігінің қаулысы мен қалалық мәслихатының бірлескен шешімі республикалық Ономастика комиссиясына жолданып, нәтижесінде аталған комиссияның оң қорытындысы алынды.
– Ұсынылып отырған 19 атаусыз көшеге халықтың пікіріне сай, патриоттық рухты тәрбиелеу мақсатында Қазақстанның белгілі жер-су атаулары және дәстүрлі атаулар беріліп отыр. Сонымен, 20-шы тұрғын аудандағы атаусыз көшеге Жидебай, 18-ші тұрғын аудандағы атаусыз көшеге Медеу атаулары берілсе, Самсоновка ауылы маңындағы атаусыз көшелер енді Арғымақ, Наурыз, Айнакөл, Еділ, Дәстүр, Есіл, Аманат, Жайық, Балдырған, Серпер, Мереке, Көктем, Шарын, Кеген, Келешек, Масаты, Самал деп аталатын болды. Осыған байланысты, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысы мен Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының бірлескен шешімін қабылдау үшін жоғарыда аталған Өскемен қаласының келесі құрамдас бөліктерінің атаусыз көшелеріне ұсынылған атауларды қолдауларыңызды сұраймыз, – деді сессия барысында облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Самат Қасенов.
Облыстық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болған осы бірлескен қаулы мен шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен соң күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.