KZ
Өскемен
-10°
переменная облачность жел 4 м/с, ОШ
501.31 520.11 5.33

Жарық жоқ, жол жаман: Меновное тұрғындары қалай күн көреді?

4.10.2020, 00:29 101

Өскеменнің іргесінде орын тепкен Меновное кентінде 10 шақты үй жарықсыз отыр. Қашықтықтан оқытып, жұмыс істетіп отырған пандемия кезінде бұл жердің тұрғындары интернеттің де азабын тартты. Жол жыры тағы бар. Нақтырақ айтсақ, аталған мәселелер кенттің ішіндегі «Болашақ» ауданында.

Атының «Болашақ» болғанын қайтсін, затына сай болмаса. Осы күйде тұрғындар 5 жыл бойы күнелтіп келеді. Кейбіреуі, тіпті, ауданның бұлыңғыр болашағынан да күдер үзе бастаған сыңайлы.

Мұнда электр қуаты тартылмаған. Тұрғындар 150 000 теңге ақша жинап, жекеменшік трансформаторға қосылыпты. Ал жаңа үйлердің саны жыл санап артуда. Жалғыз трансформатордың оған шамасы жетер емес. Әлсіз жылтиып түрған жарықтың өзі тоққа сәл күш түссе, жалп етіп өшеді екен. Соның өзіне адамдар айына 5000 теңге төлеп отыр.

Осы ауданның тұрғыны Ерболат Канафиннің айтуынша, үйді 5 ай бұрын сатып алыпты. Барлық тиісті органдарға хабарласып, мән-жайды сұраған. Оны құжаттардың барлығы дұрыс, электр қуаты жуықта тартылады деп сендірген. Бір айдан кейін беріледі деген жарықты күтіп жүргендеріне жарты жыл болды. Жарық пен жылу болсын деп генератор сатып алуына тура келген. Өйткені үйінде кішкене балалары бар, оның үстіне қыс та жақындап қалды. Үйді жылыту үшін тәулігіне 20 литр жанармай жағады екен. Құзырлы органдар жарықсыз, жылусыз үй сатып алғандарына тұрғындардың өздерін кінәлаған көрінеді.

Бір қызығы, мұнда көше шамдары жарқырап тұр. Ал үйлерде жарық жоқ. Тұрғындар ішіп отырған ауыз судың сапасынан да күмәнданады. Себебі, су алатын құдықты өздері қазып алған.

Жол мәселесі де – жеке бір жыр. Әсіресе, жауын-шашыннан кейін аяқ алып жүру мүмкін емес. Аялдамалар біршама алыста орналасқан. Оған жай күні 15 минут жүріп барсаң, балшықта бұл уақыт 30 минутқа созылады. Сол жолдың салдарынан тұрғындар үйлеріне көмір түсіре алмай отыр. Ауыр жүк көліктері саз-батпақты жолдармен жүруден бас тартады екен.

«Болашақтың» болашағы жайлы қалалық ТҮКШ бөлімінен сұрап білдік.

Бөлімнің баспасөз хатшысы Владимир Землянскийдің сөзінше, электр тарту мәселесі жақын арада шешімін таппақ.

- Бүгінгі таңда жаңа трансформаторлық қосалқы станцияның монтажы жасалды. Барлығын Шығыс Қазақстан Аймақтық энергетикалық компаниясының мамандары қабылдап қойды. Ендігі біздің мақсатымыз – электр беру желілерін жөндеу. Қазіргі уақытта жаңадан 35 жарықтандыру тірегі орнатылды. Жуықта қосымша тағы 8 тірек орнатылмақ. Сондай-ақ, кабельге тапсырыс берілді және жақын арада кабель желілері тартылады. Жұмыстар аяқталып, Аймақтық энергетикалық компанияның мамандарымен қабылданған соң, дайын желілер олардың қызметіне өтеді, - дейді баспасөз хатшысы.

Жауапты мекемелердің «ертеңі» әбден жауыр болса да, тұрғындарда күту мен үміттенуден басқа не амал бар?

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу