Проблемалар бар. Мәселенің себептерін нақтылаймыз - Даниал Ахметов
⠀"Менің instagram аккаунтыма екі күн бойы Семей қаласының қоғамдық көлігіне қатысты көптеген комментарийлер келіп түсуде. @Semey_zhaloby2 аккаунтында жарияланған жас спортшы Нұрәлі Советовтің шағымын да көрдім. Сіздер жазған пікірлеріңіздің барлығын оқып отырмын", деп жазды ШҚО әкімі Даниал Ахметов өзінің жеке парақшасына.
⠀
Әкімнің айтуынша, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы бұл мәселені егжей-тегжейлі талдау үшін қазір Семей қаласында жүр.
"Басқарма Ішкі аудит қызметімен бірлесіп Семей қаласы бойынша жолаушылар тасымалын басқару орталығы және "Semey Bus" ЖШС ұсынған қаржылық құжаттамаларды зерделегенін де атап өткім келеді. Мен қала тұрғындарымен келісемін. Жолаушыларды тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты мәселенің себептерін нақтылаймыз", деп жазады Даниал Ахметов.
Естеріңізге сала кетейік, Семей қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерде қоғамдық көлік проблемаларын талқылап жатыр. Қала тұрғындары көліктердің жағдайына және автобустардың ыңғайсыз кестесіне наразы.
Семей қаласының басшылығы, атап айтқанда жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аталған мәселенің расымен де шешімін таппағанын мойындап отыр.