Күршімнің паромына қатысты арнайы комиссия жасақталады
ШҚО әкімі Даниал Ахметов Күршім паромына қатысты мәселені шешудің жолын ұсынды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Қызыл ту» өткелінде кезек үшін қызыл майдан болған көпшіліктің шағымы талайдан бері айтылып та, жазылып та келеді. Мәселенің мәні мынада: Өткелде жөндеу жұмыстары жөнді жүргізілмеген. Осы себепті паром сирек қатынай бастады. Қозғалыс кестесі тұрақты емес.
Ал жөндеу жұмыстарын өз кезінде мойнына алған кәсіпорын жауапкершіліктен ат тонын ала қашып отырған көрінеді. Аймақ басшысы Даниал Ахметов жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділовке екеу ара жасалған келісімшарттың кілтипаны бар екенін айтты.
– Кәсіпорынды жауапқа тартуға негіз боларлық пунктер келісімшартта қарастырылмаған. Бұл – өз кемшіліктерің. Дегенмен мәселені қайта қарап көруге болады. Сондықтан арнайы комиссия жасақтайық. Келісімшартты егжей-тегжейлі қарап шығу үшін комиссия құрамында заңгерлер міндетті түрде болсын, – деп тапсырма берді Д.Ахметов.