Әншілер фонограммамен ән айтатынын көрерменге ескертуі тиіс
![](/kz/uploads/posts/iblock/730/730e8f799d65d1fa27f3587b24e03507.jpg)
Енді артистер концерттерде фонограмма қолданылатынын көрерменге ескертуге міндетті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтты.
Ақтоты Райымқұлова депутаттарға “Қазақстан Республикасының кейбір заңнама актілеріне мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын таныстырды.
Ведомство басшысы концерт қызметін қалай реттейтіні туралы айтты.
Концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблема бар. Орындаушылыр тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнаға ұқыпсыз күйде шығу үрдісі байқалып отыр. Сонымен бірге жоспарлаған концерттік бағдарламаны орындамау, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрерменге хабардар етпей фонограмманы пайдалану сияқты бірқатар факті де бар. Заң жобасы аясында, заңнамалық деңгейде орындаушылардың осындай мінез-құлқына жол бермеу бойынша бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы мәселелерді барынша реттеуге тырыстық, – деді министр.
Министр барлық жарнама өнімінде және касса жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама берілетінін де айтты.