Алакөлдегі демалыс базалары жұмысын жалғастыратын болды
Үржар ауданының бас санитарлық дәрігері Ләззат Шокобалинованың қаулысына сәйкес, 23 шілдеден бастап Алакөлдегі демалыс орындары демалушыларды қабылдамайтыны туралы жазған едік. Бүгін облыстың бас санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы шығып, демалыс базаларының жұмысы тоқталмайтыны жөнінде белгілі болды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
ШҚО-ның бас санитариялық дәрігері Марат Исмаиловтың қаулысына сәйкес аудандық санитариялық дәрігердің қаулысының күші уақытша тоқтатылды. Жаңа қаулының толық мәтіні Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің сайтында жарияланды.
- 2020 жылғы 24 шілдеден бастап «Үржар ауданының тұрғындары арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу бойынша одан әрі шаралар туралы» Үржар ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 22 шілдедегі №7 қаулысының қолданылуы тоқтатылсын, - деп көрсетілген құжатта.
Шектеу іс-шараларының режимі мен мерзімі облыс және Үржар ауданының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша жағдайдың өзгеруіне сәйкес өзгертілуі мүмкін.