KZ
Өскемен
-19°
плотный туман жел 1 м/с, СБ
511.18 530.6 5.28

Елбасының Семей өңіріне қатысты пікірі нақты іске асырылды

7.07.2020, 13:08 101

Шағангүл Жанаева, М.Әуезов атындағы педагогика колледжінің директоры, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі:

- Абайдың 170 жылдығы қарсаңында Семей жеріне арнайы келген Елбасымен өткен кездесуім естен кетпес шуақты әсерімен жадымда сақталып қалды. Елбасы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында қаланың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Тұңғыш Президентіміз жиылған қауымды жарқын, мейірлі жүзімен, қоңыр жағымды дауысымен баурап алды. Басқосу барысында: «Ұлы Абай, дана Мұхтар, қажы Шәкәрімнің дүниеге келген жеріне аяқ басқан соң, көненің көзіндей баға жетпес асыл мұрасы сақталған Абай мұражайына соғып, тағзым етуді жөн көрдім» – деген Елбасы толғана тұрып Абайдың өлеңін де оқыды.
«Жас – қартаймақ, жоқ – тумақ, туған – өлмек,
Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.
Басқан із, көрген қызық артта қалмақ,
Бір құдайдан басқаның бәрі өзгермек».
Кездесу барысында зиялы қауым өкілдері Елбасыға ақжарма тілектерін арнады. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дейді халқымыз. Тәуелсіздік алған азғантай жылда сіз Қазақстанды әлемге таныттыңыз. Қазақ елі бүгін мәңгілік елге айналды. Күллі әлем Қазақстанды сіз арқылы таниды. Біз сізге шексіз алғыс айтамыз!» – деп, ыстық ықыластарын жеткізді.
Елбасы сол тұстағы Семейде қордаланып қалған проблемалар: қаланың тең жартысы жылдар бойы жазғы алты айда ыстық сумен мүлде қамтамасыз етілмегеніне, жылу жүйесінің жылдар бойы ілдебаймен әрең жұмыс істеп келе жатқанына тоқталды. «Семей – қазақ үшін қасиетті жер. Мемлекет еш уақытта Семейді ұмытқан емес, ұмытпайды да. Бұл жерде біз жылу мәселелерінің барлығын шешеміз. Барлығы ретімен жолға қойылып келеді. Ертістен ары қарай өтетін Қазақстандағы ең үлкен көпір тартылды, мектептер, зияткерлік білім ошақтары да салынып жатыр. Университеттер жұмыс істеп жатыр. Сондықтан барлық жағынан келгенде, еліміздегі өзге шаһарлар сияқты Семей де өркендеп, өсіп келе жатқан қала болып саналады», – деп Семей жұртшылығын жаңа рухани ізденістерге жігерлендірді. Семей жұртшылығына ризашылығын білдіре келе, Тәуелсіздік алғалы қандай игі істер атқарылса, соның бәрі де бірлік пен ынтымақтың, ауызбіршіліктің арқасында екенін айтты.
Елбасының Семей өңіріне қатысты сол уақыттағы пікірі нақты іске асырылды.
Шығыс төрінде, ерке Ертіс бойында тамаша ғимараттарымен, сәулетті кешендерімен еңсесін түзеп, өсіп келе жатқан көркем қаламыз Семей Отанымыздың тарихи-мәдени орталығы ретінде өркендей беретініне біз сенеміз!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу