10 күнде жағдай тұрақталса карантинді жеңілдете аламыз - Даниал Ахметов
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған карантинге қатысты мәлімдемеден кейін, ШҚО әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желілерде өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
⠀
"Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жолдады. Мемлекет басшысы атап өткендей, дүниежүзіндегі жағдай әлі де күрделі. Әлемдік экономикаға үлкен соққы тиюде.
⠀
Қазақстанда қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып және Мемлекеттік комиссияның ұсынысы негізінде Президент төтенше жағдай режимін 11 мамырға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.
⠀
Қазір алдын ала қабылданған шаралардың арқасында облыс аумағында коронавирус инфекциясының қарқынды таралуын тежеп отырмыз. Алайда, COVID-19-ды жұқтыру жағдайлары көрші аймақтарда күн санап артып келеді. Сондықтан қауіп деңгейі жоғары.
⠀
ТЖ режимінде ШҚО ірі өнеркәсіп орындарының экономикалық белсенділігін сақтай алдық. Жалпы, облыстың тіршілігін қамтамасыз етудің барлық құрылымдары жұмысын жалғастыруда. Әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысы, жолдарды жөндеу, абаттандыру жоғары қарқынмен жүріп жатыр. 20 мың жұмыс орнын құру көзделген "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасының инфрақұрылымдық жобалары ерекше бақылауда.
⠀
Айта кетейін, бүгінде халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерді орындау туралы Президент тапсырмасына сай, 220 000 шығысқазақстандық 42500 теңгеден жәрдемақы алды.
⠀
Сонымен қатар, барлық блок-бекеттерде "жасыл дәліз" тиімді жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға саяжайға кедергісіз бару мүмкіндігі бар. Қызмет көрсету саласының көптеген нысандары онлайн режимде жұмыс істейді. Басты талап – әлеуметтік қашықтық пен қауіпсіздікті сақтау.
⠀
Құрметті жерлестер, жақындарымыздың денсаулығы үшін біз шыдамдылық пен жауапкершілік танытуымыз керек. Алдағы 10 күнде эпиджағдай тұрақталып, коронавирус анықталмаса, біз карантин режимін жеңілдете аламыз. Бұл қызмет көрсету саласының бірқатар кәсіпорындары бұрынғы жұмыс режиміне қайта оралатынын білдіреді." деп жазды аймақ басшысы.