Таиландтан келгендердің жағдайы қалай, қай жерде жатыр?
Өскеменге чартер рейспен шетелден ұшып келген Қырғызстан мен Ресей азаматтары «Уба» шипажайында орналасқан. Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, олардың ешқайсынан вирус анықталмады.
– «Уба» шипажайы санитария-эпидемиология талабына сай келеді. Орын саны да көп. Карантинге жатқызылған адамдар мен Выдриха ауылының тұрғындары контактіге түспейді. Аула қоршалған және полиция күзетіп тұр. Тіпті карантиндегілер шипажайдың өз қызметкерлерімен де тікелей қарым-қатынас жасамайды. Бөлмелерді аралап, тамақ таситын – медицина қызметкерлері. Медицина қызметкерлеріне, арнайы заңнамаға сәйкес, үстеме ақы тағайындалды, – деді ол.
Оның айтуынша, карантин уақыты біткен соң, шипажай іші мен оның аумағы толық дезинфекцияланады.
Айта кетейік, аталмыш шипажай Шемонаиха ауданы Выдриха ауылында.