Сенат депутаты Жарма ауданына жұмыс сапарымен келді
Жарма ауданына арнайы жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусин келді, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бұл туралы аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жазып отыр.
Жұмыс сапары барысында Сенат депутаты өңірдің жалпы әлеуметтік ахуалымен таныса отырып, өткен жыл соңында қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңын талқылады.
Ең алдымен Әуезов кентінде болып, мұндағы әлеуметтік мәндегі нысандардың жағдайымен таныс болған Дүйсенғазы Мусин кентте атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Қазір мұнда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық және облыстық бюджет қаражаты есебінен жаңадан Мәдениет үйі және дене шынықтыру және сауықтыру кешені құрылысы, сол сияқты кенттің ішкі жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Дүйсенғазы Мағауияұлы Әуезов кентіндегі «Аққу» балабақшасы ұжымымен және Бақыршық орта мектебінде және Шалабай ауылында Крупская атындағы орта мектебі ұстаздарымен кездесіп, «Педагог мәртебесі туралы» Заң төңірегінде ой бөлісті. Бұл кездесуде ұстаздар тарапынан көптеген ұсыныстар айтылды. Мәселен, алдағы уақытта педагогтардың зейнеткерлікке шығу жасын қысқарту ісі қарастырылса деген ұсыныс жасап отыр ұстаздар.
Сенат депутаты ұсыныстарды құптай отырып, қабылданған заңға алдағы уақытта да уақыт талабына қарай өзгерістер мен толықтырулар енгізілетіндігін айтты.
Сондай-ақ, ол жергілікті «Шалабай асыл тұқымды мал зауыты» ЖШС-ның директоры, Қазақстан Республикасының «Ақбас» палатасының төрағасы Қуаныш Сүлейменовпен «Қазақстан Республикасының кейбір Заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бойынша пікіралмасып, отандық асыл тұқымды «Ақбас» ірі қараны дамыту, осы бағытта тұрақты жұмыс жасап отырған шаруашылықтарды мемлекеттік қолдау мәселелерін пысықтап, кезегін күткен мәселелерді шешу жолдары талданды.