KZ
Өскемен
-9°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
518.14 537.57 5.27

"Сәбира бар кінәні өз мойнына алды" - куәгерлер естелігі

14.12.2019, 06:25 199

Мен осы оқиға болған жылы Өскемендегі «СССР-дің 50 жылдығы атындағы Өскемен педагогикалық училищесінің» студенті едім. 4-курста оқып жүрген кезіміз. Қазақстан бойынша желтоқсан оқиғасының толқулары жүріп өткенде Алматыда 16-17 желтоқсанда болған көтеріліс бізге 20-21 желтоқсанда жеткен болатын.

Біздер де сол кездегі екі қазақ группасы бұл оқиғаға өз бағамызды беріп, үндемей қала алмадық.

Сол кездегі училище директорының алдын-ала жүргізген әңгімелеріне де құлақ аспай, жатаханадағы аңдуға да мойынсұнбай сабаққа барудан бас тартып қарсылығымызды білдірген болатынбыз. Сол кезде желтоқсан оқиғасына берілген баға мүлде басқаша еді. Алматы қаласында есірткі қолданған бұзақы-жастардың әрекеті деп көпе-көрнеу аяусыздықпен жазаланды. Ал біз болсақ сол оқиғаға енжарлық таныта алмадық әрі бұл сол қоғамда орын алған келеңсіздіктерге деген ішкі жан айқайы еді. Себебі ешкім ешкімді мәжбүрлемеді, әркім өзінің ішкі түйсігімен әрекет етті. Біз 3 күн сабаққа барудан бас тарту арқылы өз наразылығымызды білдірген едік. Бұл біздің желтоқсан оқиғасына қосқан тамшыдай үлесіміз еді. Бұған бізді ешкім ұйымдастырмады, ешкім үгіт-насихат жүргізбеді. Алматыда болған оқиғаны естіп бей-жай қала алмадық.

Бар болғаны сол.

Осыдан кейін дүрбелең басталды. Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері сабақтан тосып алып, тамақ ішуге мұрсат береді де, жауап алуға шақырады. Кешке қарай бірақ босатады. Бірнеше күндер «не болдымға» ұшырадық. Үйімізден ата-анамызды шақыртып, оқудан шығару мәселесі тұрды.

Осы кезде Сәбира 2-курста оқып жүрген болатын. Сәбира бар кінәні өз мойнына алды.

«Мен ұйымдастырдым, жазаласаңдар мені жазалаңдар. Басқаларының еш кінәсі жоқ» - деген батыл қыздың терең ойлы жанары әлі көз алдымда. Бұдан әрі де тергеулер жалғасты. Сәбира Мұхамеджанова жас өмірін қиып, өмірмен қоштасты. Бірақ 16 жастағы өрімдей қыздың нәзік жан-дүниесінде не болғанын, қандай күй кешіп кеткені бәрімізге жұмбақ.

Бірақ біз білетін шындық – ол Сәбираның қайсарлығы, әркімнің қолынан келе бермейтін бейбіт күндегі ерлігі...

«Сәбира тұйық мінезді, қайсар, уәдесінде тұратын, кез-келген жағдайда сенім артатын адал құрбы еді» - деп еске алады бірге оқыған курстасы, бүгінде Семей қаласының тұрғыны, ұстаз Оразмолданова Алмагүл Қадылбекқызы.

Сәбира Тарбағатай ауданы Ақмектеп ауылынан болатын. Оны туған ауылына апарып, жерлеп қайттық. Аяулы қызынан айырылған ананың қайғысына ортақ болып, Сәбираның мәйітін алып шыққанда жолдың ұзақтығы екі еселеніп құр сүлдеріміз жетіп еді. Сәбирамызды соңғы сапарға шығарып салдық. Өзіміз де ештеңенің байыбына бара алмай теңселіп қалып едік. Осы оқиғадан кейін бәрі тынышталған сияқты болды. Бірақ талай студент жастар оқудан шығарылды.

Қазағымның көңіліндей дархан даламызды дүр сілкіндірген желтоқсан оқиғасына 33 жыл. Елдігіміздің бір белгісі – өткен тарихымызға құрметпен қарау, тарихи тұлғаларды құрметтей білу.

«Тамшыдай болып тарихқа айналдың Сәбира, сен біздің жүрегімізде мәңгі сақталасың!»

 

Сатиева Гүлбаршын 

Зайсан ауданы, «Жарсу орта мектебі» директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу