Көш басында Көкпекті
Өскеменде волейболдан Студенттер мен оқушылар ұлттық лигасы федерациясының кубогына арналған бірінші облыстық турнирі мәреге жетті. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да өткен жарысқа 2005-2006 жылдары туған спортшылар қатысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Федерация мен Серікбаев университетінің спорт клубы тізе қосып ұйымдастырған доп додасында барлығы 10 команда үш күн бойы бақ сынады. Облыс аудандарынан жиналған кіл мықтылар турнирді нағыз спорт мерекесіне айналдырды. Тартысты жағдайда өрбіген ойындар қалың жанкүйердің делебесін қоздырып, спортзалға лық толған көрермен «Әй, бәрекелді! Жарайсың!» деген сияқты қолпаштауларын аямады. Әсіресе, финалдық кездесулер қызықты әрі жоғары деңгейде болды. Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Көкпекті ауданының командасы иеленді. Жүлделі екінші орынды Күршім ауданының оқушылары жеңіп алса, Тарбағатайдан келген спортшылар үшінші орынды қанағат тұтты.
Бұдан бөлек жарыстың үздік ойыншылары марапатталды. «Үздік либеро» атағы көкпектілік Рустам Тұрарбековке берілсе, осы ауданның тағы бір өкілі Максим Бритаусов «Үздік шабуылшы» атанды. Ал Күршімнің намысын қорғаған Ернияз Сағындықов «Үздік қорғаушы», тарбағатайлық Әлішер Садықов «Үздік байланыстырушы» аталымдары бойынша марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік кубоктар мен медальдар, бағалы сыйлықтар табысталды. Өз кезегінде қатысушы командалар жарыстың жоғары деңгейде өткізілгенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.