Өскемен Тәуелсіздік күнін "Формат" және жәрмеңкемен ғана «атап» өте ме?
Өскемен әкімдігінде ерекше баспасөз конференциясы болды.
Қаланың шаруашылық қызметкерлері қар жауғалы көше, аула жолдары мен тротуарларды тазалап үлгере алмай жатыр. Қазіргі уақытта күрелмеген қар суықтан шор болып қатып қалды. Көше кедір-бұдыр көк мұз. Автобустар аялдамаға тоқтай алмай, тоқтаса орынынан қозғала алмай әлек. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Әсем Сексенова берген мәлімет бойынша, көктайғақ салдарынан 7-11 желтоқсан аралығында, яғни төрт күн ішінде қаладағы жарақат бекетіне 160-тан астам адам келіп түскен. Олардың ішінде шынтақ, тізесін соққандардан бөлек, саусағы мен бақайын шығарып алғандар да, сындырып алғандар да бар.
Иә, 11 желтоқсан күні қала әкімдігінде әкімнің орынбасары Тамара Рахимжанованың баспасөз конференциясы «ерекше» жағдайда өтті. Ол жаңа жыл қарсаңында әдемі безендірілген ғимараттар анықталып, үздігі марапатталатынын айтты және осы байқаудың шарттарына тоқталды. Тоқталды да баяндамасын сонымен тәмамдады. «Тәуелсіздік күніне қатысты және өзге де сұрақтарымыз бар» деген тілшілер қауымына «Мен тек жаңа жыл бойынша айтамын» деп жауап берді. Содан кейін өзінің орынына «өзге сұрақтарға жауап беретін» әкімдіктің баспасөз қызметшісі Әлібек Тұрсымбетовті қалдырып, залдан асығыс шығып кетті.
Алайда баспасөз қызметшісі тілшілердің сұрағына толыққанды жауап бере алмады. Мәселен, қар күреп, мұз үстіне құм себуге техника мен адам күші жетпей жатқанын растады, бірақ нақты сандарын атап көрсетпеді. «Былтыр жаңа техникалар алынды» деп тараған ақпараттың жалған екендігін мәлімдеді. «Сергек» камераларының кейбірі істен шығып, мәшине иелеріне жалған айыппұл жазып жатқанын растады, бірақ осы олқылықтарға байланысты қандай шара істелгенін немесе істелетінін айта алмады. «Бұл камераларға байланысты қаңтар айында «Көркем Телеком» ЖШС арнайы баспасөз жиынын өткізеді», – деді бар-жоғы.
Жырақтағы жаңа жыл айтылғаннан кейін барып таяудағы Тәуелсіздік күніне ат басы бұрылды.
– 16 желтоқсанда орталық алаңда «Формат» тобының қатысуымен концерт болады, – деді Әлібек Тұрсымбетов. Оның айтуынша, бір ғана бұл емес, 14 желтоқсанда болатын әдеттегі сенбілік ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де Тәуелсіздікке арналады-мыс.
– Жалпы 16-сы күні қаланың әр тұсында спорттық шаралар көп болады. Солардың бірі – «Жұлдызша» атты оқушылар арасындағы хоккей сайысы, – деді ол.
«Тәуелсіздік күні қазақ халқы үшін мейрам деген сөзден үлкен, ауқымды ұғым. Бұл күні концерттен бөлек Тәуелсіздіктің Тәуелсіздік екенін айғақтайтын ерекше іс-шара өте ме?» деген тілші сұрағы жауапсыз қалды.
Сонымен, расымен де Тәуелсіздік тағы да орталық алаңдағы аспандаған алып шырша мен жалт-жұлт еткен шамдардың тасасында қала ма? Тұрғындар «Сергекке» жазықсыз айыппұл төлей бере ме? Тазалыққа адам мен техника күші жетіспесе, жаңа техникалар алынбаса, Өскеменнің қысқа дайын болмағаны ма?
Айтпақшы, Тәуелсіздік күнінің ертеңінде, 17-сі күні іле шала орталық алаңдағы жаңа жылдық шыршаның жарығы жанады. Бұл ақпаратты да бізге қала әкімдігі ұсынған.