Токамак - таусылмас энергия көзі. Курчатовтағы құрылыс жұмыстары толық аяқталды
Токамак бұл таусылмас энергия көзі. Ғылыми жолмен алынады. Ал қазіргі таңда адам баласының энергияғы деген тәуелділігі артып келеді. Күн сайын іске қосылатын компьютерлер, жаңа технология заманында энергиясыз тіршілікті елестету мүмкін емес. ҚР Ұлттық Ядролық Орталық бас директоры Эрлан Батырбековтың айтуынша, бүгінде ҚР Энергетика министрлігінің қолдауымен қазақстандық КТМ материалтану токамагы кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар толық аяқталған.
-2019 жылғы 20 қарашада кезекті эксперимент барысында КТМ қондырғысын физикалық іске қосудың екінші және соңғы кезеңінің талаптарын қанағаттандыратын плазмалық разряд алынды,-дейді бас директоры Эрлан Ғаділетұлы,-осы кезеңде КТМ токамагы қондырғысының жұмыс істеу қабілеті көрсетіліп, омдық режимде төмендетілген параметрлерде плазма алынды. Эксперименттер барысында плазмалық разряд және тесу сценарийінің бастапқы фазасын пысықтау, сондай-ақ плазманың есептік мәндеріне сәйкес келетін параметрлеріне қол жеткізе отырып, плазмалық баулардың даму сценарийін пысықтау жүргізілді. Жұмыс газы ретінде сутегі қолданылды. КТМ токамагын физикалық іске қосудың соңғы кезеңінің негізгі мақсаттарына қол жеткізілді. Жұмысқа Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының, сондай-ақ Д.В. Ефремов атындағы ЭФАҒЗИ (Ресей) әдістемелік қолдауымен «Курчатов институты» (Ресей) Ұлттық зерттеу орталығының Курчатов термоядролық энергетика және плазмалық технологиялар кешенінің мамандары қатысты.
Осылайша, қазақстандық КТМ материалтану Токамагын салу жобасы аяқталып, жүзеге асты. Нысан пайдалануға берілді. Енді алдағы уақытта тағы бір жаңа кезең – омдық жұмыс режиміндегі разрядтың жобалық параметрлеріне КТМ қондырғысын шығару кезеңі басталады. Токамактар мен арнайы басқарылатын термоядролық синтезге келсек, бұлар әлемдегі ең күрделі электрофизикалық қондырғылардың бірі болып табылады және басқарылатын термоядролық синтез өзіндік зерттеулерге арналған. Бүгінгі таңда дәл осындай типті қондырғы болашақ термоядролық реакторының перспективалы прототипі деп танылды.
Басқарылатын термоядролық синтез негізінде энергияны коммерциялық түрде алуға адамзатты жақындататын алғашқы қондырғы қазіргі уақытта Кадараш қаласында (Франция) іске асырылатын ITER (International Thermonuclear Experimental Reactor) болады деп болжануда. Басқарылатын термоядролық синтез реакциясын игере отырып, адамзат іс жүзінде сарқылмайтын, экологиялық таза энергия көзін алады. Ең ауыр апат туындаған жағдайда да термоядролық реактор алаңынан тыс экологиялық жағдай өзгермейді. Термоядролық реактордың жұмыс процесінде ұзақ өмір сүретін радиоактивті заттар түзілмейді.
1999 жылдан 2003 жылға дейінгі кезеңде ҚТМ кешенін құру жөніндегі негізгі жобалау алдындағы және жобалау жұмыстары орындалды. Алаңда құрылыс-монтаж жұмыстарын тікелей іске асыру 2003 жылы басталды. 2008 жылы КТМ алаңына КТМ қондырғысы қойылды және 2010 жылы оны штаттық орында монтаждау аяқталды. Осы уақытқа дейін жоба 80% - ға дерлік жүзеге асырылды.
Қондырғыны толық масштабты жобалық режимге шығару жұмыстары ТМД-дағы АТОМ бағдарламасы арқылы және осы елдермен КТМ токамагын бірлесіп пайдалану туралы тиісті келісім шеңберінде іске асырылатын болады. Бұл жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланған.