KZ
Өскемен
-23°
туман жел 2 м/с, С
518.14 537.57 5.27

"Эпистолярлық жанрмен айналысқанды қою керек" - Даниал Ахметов

20.11.2019, 09:11 91

ШҚО-да 1 қарашаға дейін төрт мыңнан астам адам арнайы мамандықтар бойынша курстан өтті. Оларды жұмысқа орналастыру бойынша Өскемен – 56%, Семей – 47%, Риддер – 49%, Зайсан – 34% орындаған. «Бұл көрсеткіш төмен» деген облыс әкімі Даниал Ахметов себебін жауапты мамандардан сұрады, деп хабарлайды Аltaynews тілшісі.

– Құрметті Даниал Кенжетайұлы, осы мәселені тыңғылықты атқару үшін аудан мен қалалардағы жұмыспен қамту ісімен айналысатын бөлімдерге арнайы тапсырма берілді, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалардың үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Тимур Жигитаев.

– Біз жыл басында Жұмыспен қамту басқармасына 180 адамды оқыта алатынымызды айтқанбыз. Ал басқарма бізге 864 адамды ұсынды. Яғни, біз ұсынғаннан 700-дей адам артық беріп отыр. Бұл өте көп. Тағы бір айта кетерлігі, ұсынған адамдардың көпшілігі маникюр, бет әрлеуші, бухгалтер сынды мамандықтарды оқығысы келеді. Кейін оларға жұмыс табылуы қиын. Ал бізге негізінен автобус, трамвай жүргізушілері, тас қалаушылар жетпей жатыр, – деді жиынға қатысып отырған Өскемен әкімі Жақсылық Омар.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова болса, аса қажетті мамандарды оқыту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне квота бөлу жайында бірнеше мәрте хат жазылғанын айтты.

– Бізге мыңдаған тас қалаушы, дәнекерлеуші сынды жұмысшы мамандықтар жетпей жатыр. Ал сіздер тапсырма берілді, мен хат жазып жатырмын дейсіздер. Пайдасы жоқ құр эпистолярлық жанрмен айналысқанды қою керек, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов осы ұсыныспен Премьер-Министрге өзі баратынын айтты.

– Биыл біз бөлген гранттар жастарға, әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылардың балаларына неге дұрыс үлестірілмеді? Желтоқсан айында оқу гранттарының неге тиімсіз бөлініп жатқаны жайында жауапты тұлғалар кеңірек айтып берсін, – деп тапсырма берді Даниал Ахметов.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу