Өнім өндіруде көш бастап тұрған аудандар аталды
Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 10 пайызын біздің облыс өндіреді. Сүт өндірудің үлес салмағы бойынша облыс бірінші орынды, ет өндіруде екінші орынды иеленді.
Статистика департаментінің мәліметінше, соңғы тоғыз айда облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 372,7 млрд. теңгені құрады.
Соңғы тоғыз айда өткен жылмен салыстырғанда ет өндірісі 2,1 пайызға, сүт 4,1 пайызға, жұмыртқа өндіру 2,6 пайызға артқаны байқалды.
Мал мен құс етін өндіру бойынша өңірде Ұлан, Абай аудандары және Семей қаласы көш бастап келеді. Өндірілген өнімдердің 40 пайызы аталмыш өңірлерге тиесілі.
Сүттің үштен бір бөлігі Үржар, Күршім және Тарбағатай аудандарының шаруашылықтарында өндірілді. Жұмыртқа өндірісі Ұлан, Үржар, Глубокое және Алтай аудандарында оң жолға қойылған. Облыста өндірілетін жұмыртқаның елу пайызға жуығы аталмыш өңірлерге тиесілі.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіру көлемі Аягөз (106,4%), Бесқарағай (106,1%), Абай (105,9%) және Үржар (104,8%) аудандарында жоғары.