KZ
Өскемен
-6°
небольшой снег жел 1 м/с, С
519.28 540.05 5.31

Вакансия көп, жұмыс іздеуші одан да көп – ШҚО

1.11.2019, 09:53 107

Вакансия көп, жұмыс іздеуші одан да көп. Дені жастар. Өскеменде өткен еңбек жәрмеңкесінде осыған куә болдық.

- Көңілімнен шығатын жұмыс таппай жүрмін. Бірінің айлығы аз. Біріне еңбек өтілі қажет. Дипломды осы жазда ғана алғанмын. Мамандығым - программист. Жұмыс жоқ емес. Көбінесе жарты мөлшерлемеге шақырады. Қазір супермаркетте кеңесші болып жүрмін. Жалақасы жаман емес, бірақ мамандық бойынша жұмыс істеу керек. Дипломға обал ,-дейді жәрмеңкеге келген Арын Рысбек.

Бір Арын емес, көбінің айтатыны осы. Не жалақы төмен, не еңбек өтілдері жеткіліксіз, не бар вакансияға мамандықтары сәйкес келмейді. Ал «Еңбек» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы қайта оқуға немесе бизнес бастауға көбі құлықсыз ба дейсің. Өйткені осындай сұрақ қойғанда күмілжи жауап береді.

Бірі «Мысалы мен дефектологпын, енді барып аспазшының немесе шаштараздың оқуын қайта оқығым келмейді. Олардың да жалақысы мардымсыз ғой. Жұмыс тапсам да» десе, бірі «бизнес бастағым келеді. Бірақ қай істі қолға аларымды білмеймін. Оны қалай іске асыру керектігі туралы да бейхабармын» деп жауап береді, бірі «мамандық бойынша жұмыс керек» дейді.

Десе де жәрмеңкенің нәтижесі жаман емес. Өскемен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бос орындар жәрмеңкесіне өңірдің 500-ден астам кәсіпорны қатысып, 400-ден астам жұмыс іздеуші келді. Оның тең жартысын жұмыс берушілер әңгімелесуге шақырған. 74 адам өзінің түйіндемесін қалдырған.

Байқағанымыздай, еңбек нарығында жұмысшы мамандықтар сұранысқа ие. Әсіресе, жәрмеңкеге қатысқан «Востокцветмет», «Согра ЖЭО», «Бипек Авто», «Казцинк» сияқты ірі кәсіпорындар слесарь, дәнерекерлеуші, металлургтерге, тіпті сырлаушы мен сантехникке зәру.

Сондай-ақ жәрмеңке барысында мамандар жұмыс іздеушілерге enbek.kz электрондық еңбек биржасында түйіндеме толтыруды үйретіп, облыстық еңбек инспекциясы мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ өкілдері оларды құқықтарымен таныстырды.

Өскемен қаласы бойынша 200 бос жұмыс орны туралы мәліметті enbek.kz электрондық еңбек биржасынан қарауға болады

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу