KZ
Өскемен
пасмурно жел 5 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

«Шығысэнерготрейд» энергияны сырттан сатып алуға мәжбүр

1.11.2019, 09:16 230

Жыл басында ғана баға мен тариф негізсіз көтерілмейді, Үкімет тапсырма берді деп жарысып жазып едік. Жыл аяқталмай жатып, облыста басқа тауарларды айтпағанда, нан мен жылу энергиясының құны өсті.

Қаңтар айында «Шығысэнерготрейд» ЖШС «электр энергиясын тұрмыстық мақсатта тұтынатындар үшін тариф 6,5 пайызға төмендетілді, енді киловатт/сағат энергия 9,719 теңге болады» деп жариялаған еді. Осылайша, бірінші деңгейлі тариф (90 киловатқа дейін тұтынатындар үшін ) 10,15 теңгенің орнына 9,824 теңге, екінші деңгейдің тарифі (90-170 киловатт) 13,771 теңгеден 13,061 теңгеге төмендеп, үшінші деңгейдікі (170 киловаттан жоғары жағатындар) 17,464 теңгеден 16,828 теңге арзандаған болатын.

Өткен жылдың желтоқсанында Энергетика министрлігі 2025 жылға дейін электр энергиясының шекті тарифін бекітіп берген. Соған қарамастан «Шығысэнерготрейд» ЖШС 1 қазаннан бастап электр энергиясының бағасын өсірді.

- 2018 жылы кәсіпорынның шекті тарифі киловатт/сағатына 11,758 теңге болған. Осы жылдың басында тұрғындар үшін тарифті төмендеттік. Алайда заңды тұлғалар бұрынғы тарифпен төлеп жатты. Күз-қыс айларында облыстың электр энергиясын тұтыну көлемі артатындықтан «Шығысэнерготрейд» ЖШС оны Экібастұз ГРЭС-нен сатып алуға мәжбүр. Өйткені жергілікті станциялар жоспарланған энергия дефицитін қанағаттандыруға технологиялық тұрғыдан қауқарсыз. Осы факторлар компания шығынын 1 миллиард теңгеге көбейтті. Барлық станциялар уақытылы төлемді талап етеді. Облысты қажетті электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін тарифті көтеруге тура келді. Жеке тұлғаларға арналған баға қазан айынан бастап 11,642 теңгені құрады,-дейді компания директорының орынбасары Айнаш Абдульманова. Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, «Шығысэнерготрейд» ЖШС сияқты маңызды монополиялық субъектілер Заңның 13 тармағаны сәйкес, бағаны өсіру немесе төмендету жөнінде уәкілетті органға бес жұмыс күн ішінде ескерту жіберіп, тарифті өз бетінше бекітуге құқылы.

- Заң нормаларына сәйкес, субъектілердің тарифтері шығынды ақтауы тиіс. Егер кәсіпорын шығынмен жұмыс істеп жатып, тарифті көтерсе, бұл әрине, негізсіз көтеру болып саналмайды. Алайда тарифті себепсіз көтеруге департамент қарсы. Кәсіпорындардан осындай өтініш келіп түскенде, субъектінің барлық кіріс-шығындары есепке алынады. Мысалы, биыл 71 монополиялық субъектінің тарифті көтеру жөнінде өтініші қаралды. Оның тек 30-ына ғана рұқсат берілді. Трифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында аудандарда арнайы жұмыс тобы құрылған. Тарифті себепсіз көтеруге жол бермейміз. Бұл Үкіметтің де тапсырмасы, - дейді департамент басшысы Қайрат Оразбаев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив