Жылқының етін жеген норвегиялық қыздың басы дауға қалды
Жылқы етін жеген норвегиялық Пиа Ольден есімді бойжеткенге әлеуметтік желі қолданушылары қоқан-лоққы көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
18 жастағы Пиа Ольден бір апта бұрын өзінің Facebook-тағы парақшасына туралған жылқы етінің суретін жүктеген болатын. Содан бері спортшы қыздан маза қашқан.
– Суретті жүктеген соң маған түрлі пікірлер мен хабарламалар келді. Көбісі мені есі ауысқандардың қатарына қосып, тіпті жануарларды асырау құқығынан айыру керек деп жатыр, - дейді Ольден.
Бүкіл әлемге жеккөрінішті болған спортшы қыз өз ісіме өкінбеймін деп отыр. Өйткені, жылқысы ауыр жарақат алған. Жарақаты емдеуге келмеген соң, осындай қадамға барғанын айтады.
- Өкінішке орай, жылқымды "ұйықтату" әдісімен өлтіруге тура келді. Дәрі-дәрмек күші қатты болмағандықтан, оның етін жеуге болады екен. Әрине мен үшін өз жылқымның етін жеу оңай шешім болды деп айта алмаймын. Маған да ауыр болды. Бірақ оны көміп тастағаннан лақтырып жіберген дұрыс емес деп шештім. Өйткені оның еті жоғары сапалы, - дейді Пиа Ольден.
Көбісі менің әрекетімді жауыздыққа балады. Бәлкім мен оларға өз жылқымды өзім бауыздап тастаған жандай көрінетін болуым керек.
Ольденнің оқырмандарының бірі жас қызды қылмыскер деп айыптап, өз анаңды да жеп қоятын шығарсың деп пікір қалдырған.
Өз ісіме өкінбеймін деген норвегиялық спортшы әлеуметтік желіге жүктеген суретін өшіріп тастапты.