KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 3 м/с, ОШ
516.13 538.01 5.29

ШҚО: Оқушыларға дропперлердің қауіптілігі түсіндірілді

27.01.2025, 14:30 233 Төлеуғазы Жансая

 

Шығыс Қазақстан облысында "Дропперлар деген кім? Неліктен бұл қауіпті?" тақырыбында жастарды алаяқтардан қорғауға бағытталған шара өтті. Іс-шараны ШҚО бойынша экономикалық тергеу департаменті, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты және «Қарызсыз қоғам» ұйымдарының өкілдері ұйымдастырды. Шара Спортта дарынды балаларға арналған ШҚО олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде өтіп, оқушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру мен алаяқтықтан сақтандыру мақсатында өткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Соңғы уақытта ел жаңалықтарында полицияның дропперлерді ұстағаны туралы мәліметтер жиі кездесуде. Алаяқтардың басты нысанасы – жастар мен жасөспірімдер.
Дроппер (немесе drop) – алаяқтар қылмыстық жолмен алынған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланатын адам. Олар көбінесе жастарды, ақшаға мұқтаж студенттер мен жасөспірімдерді "қара жұмысқа" тартады. Мұндай алаяқтар өз құрбандарын әлеуметтік желілер, мессенджерлер, электрондық пошта және жұмысқа шақыратын хабарландырулар арқылы табады.

– Алаяқтар жеңіл жолмен табыс табуды ұсына отырып, дроппер болуға үгіттейді. Олар өз құрбандарына ақшалай сыйақы үшін банк картасын ашуды немесе танысын қосып, комиссия алуды ұсынады. Кей жағдайда мектеп оқушылары ата-аналары ашқан виртуалды карталарды қолдана бастайды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары мен білім беру мекемелері жастарға түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, – дейді ШҚО олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернатының ұстазы Зарина Жәнібек.

Кездесу барысында ШҚО бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының тәлімгері Ермек Жұмағұлов жастарға алаяқтардың арбауына түспеудің жолдарын түсіндіріп, еңбекпен табыс табудың маңыздылығын айтып берді.

Айта кетейік, былтыр Алматы қаласында дропперлердің алаяқтарға көмектескені туралы оқиға тіркелген болатын. Екі жас дроппер өздерінің банктік карталары мен мобильді банкинг аккаунттарын алаяқтарға ұсынып, олар зардап шеккен әйелдің шоттарынан 20 миллион теңгені қолма-қол ақшаға айналдырған. Қылмыстық іс қозғалып, дропперлер қамауға алынды.

Жанаргүл Көкенайқызы

Фото/видео: Данияр Сагидолдин

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу