KZ
Өскемен
-15°
переменная облачность жел 1 м/с, С
516.77 542.87 5.33

Маралды алтын өңдеу фабрикасы: Табиғат байлығынан – халық игілігіне

Бүгін, 08:00 187 Гульжан Мусина

 

Маралды ауылындағы алтын өндіру фабрикасы өткен жылдың соңында іске қосылып, бүгінде 200-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. «MARALICHA» тау-кен компаниясы» ЖШС директорының орынбасары Айбек Әлібекұлының айтуынша, кәсіпорын Қазақстан Республикасының экологиялық талаптарын қатаң сақтай отырып жұмыс істеуде.

– Бұл – Күршім ауданында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі. Фабриканың іске қосылуы адамдарға туған жерінде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда кәсіпорында Күршім ауданы мен Маралды ауылының тұрғындары еңбек етуде. Өндіріс көлемінің артуына байланысты жұмыс орындары да көбеюде. Сонымен қатар, фабрика қоршаған ортаға зиян тигізбеу шараларына ерекше мән береді. Барлық жұмыстар ҚР экологиялық талаптарына сәйкес жүргізілуде, – деп атап өтті Айбек Әлібекұлы.
– Біз реагент ретінде ST 500 пайдаланамыз. Егер басқа өндіріс орындарында 500-600 мл цианид қолданылса, біз небәрі 25-30 мл реагент қолданамыз. Бұл технология өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, – деді ол.

Фабрика қызметкерлері жұмыс орындарына ризашылықтарын білдіріп, жалақының жоғары екенін айтады.

– Бізге мұндағы жұмысымыз ұнайды. Жалақымыз жоғары. Өзім осы жерде болашақ жарымды кездестірдім, отбасын құрдық. Жақын арада фабрика басшылығы бізге қаладан пәтер алып беруге уәде етті. Бұл алтын өндіру фабрикасы еліміздегі ең үздік кәсіпорындардың біріне айналады деген сенімдемін, – дейді аға маркшейдер Әлия Жүрсінбаева.

Маралды алтын өңдеу фабрикасының ашылуы аймақ экономикасын нығайтып қана қоймай, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына да септігін тигізуде. Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбековтың айтуынша, фабриканың жұмысынан түскен табыс тек өндірістік мақсаттарға ғана емес, аймақты дамытуға да бағытталмақ.

– 2024-2029 жылдар аралығында Маралды ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына 2,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция жұмсау жоспарланып отыр. Бұл – аудан әкімдігі мен алтын өндіру фабрикасы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылатын маңызды қадам. Бұл меморандум Күршім ауданының болашағы үшін өте маңызды, – деді аудан әкімі.

Биыл меморандум аясында ауылдық округтің дамуына қажетті бірқатар жұмыстарды іске асыру көзделуде.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу