KZ
Өскемен
-9°
небольшой снег жел 3 м/с, ОШ
516.13 538.01 5.29

Өскемендегі шағын аудандарға жаңа дем: қала әкімі шеткі аудандардың дамуына ерекше көңіл бөлуде

27.01.2025, 17:30 264 Төлеуғазы Жансая

 

Бүгін Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов 19, 20 және 21-шағын аудандардың тұрғындарымен жүздесіп, қордаланған проблемаларды талқылады,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс орталығының шеткі аудандарын аралап, тұрғындардың мәселелерімен танысу мақсатында №46 орта мектебінде өткен жиында аталған шағын аудандардың тұрғындары осы күнге дейін шешімін таппай келе жатқан бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. 

Олар – инфрақұрылымның тозуы, жарықтың жиі өшуі, жол жөндеу, ортақ кәріз жүйесін қосу, интернеттің осалдығы және иесіз иттер мәселесі. 

– Бұл шағын аудандарда мәселе өте көп. Ең негізгісі – инфрақұрылымдық мәселелер. Өйткені кезінде тұрғын үйлер қарқынды түрде салынғанда инфрақұрылымның күш-қуаты ескерілмеген. Электр желісінің жиі істен шығуы, қоғамдық көліктердің келмеуі, әлеуметтік нысандардың жетіспеуі және көктемгі судың аулаларға жайылу мәселесі айтылды. Жұртшылықпен кездесулерді жалғастырамыз. Нәтижесінде барлық мәселенің тізімін жасап, оларды шешу бойынша жұмыс жасаймыз, – деп атап өтті қала әкімі Алмат Ақышов. 

Сонымен қатар, тұрғындар тарапынан жылы аялдамалар, тұрмыстық қалдықтарға арналған қоқыс жәшіктерін орнату және жер үйлерді орталық қазандыққа қосу қажеттігі ұсынылды. 

Алмат Талғатұлының айтуынша, биыл үш көшені асфальттау жоспарланып отыр. Қаражат жағы оңынан шешілсе, жоспарға тағы екі көшені асфальттау енгізілуі мүмкін. Ол әлеуметтік нысандарға апаратын негізгі көшелер болмақ.

Электр желісінің жиі істен шығуы бойынша осы аптада тиісті құзырлы орган өкілдерінің қатысуымен арнайы жиын өткізіліп, бұл мәселе жан-жақты пысықталатындығы айтылды.

Биылғы жоспар бойынша Иванов көшесі мен «Темірлан» балабақшасына апаратын орталық көшенің 1,74 км жолы орташа жөндеуден өтеді. Әл-Фараби даңғылының бойына 16 шамдал орнатылады. 20-шағын аудандағы бірқатар көшелердің жолдарына қиыршақ тас төселеді. Қазыбек би даңғылындағы 38, 40, 42 үйлердің аулаларына кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Жалпы аталған шағын аудандарда 4 балалар алаңы, 3 футбол алаңы және баскетбол алаңы салынады деп жоспарланып отыр.  

Тағы бір атап өтерлік жәйт – кезінде колледж құрылысы болып басталып, аяқсыз қалған «сақалды» құрылыс мәселесі. Бұл ғимарат бойынша қазір жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда 1100 оқушыға арналған физика-математика бағытындағы лицей-интернатын ашу жоспарланған. Лицей оқушыларына интернатта тұру мүмкіндігі болады. Құрылысты аяқтауға шамамен 12 млрд теңге қажет. Қаражат бөлінсе, бұл құрылыс та аяқталады.

Жұртшылықтың ұсыныстарын, талап-тілектерін тыңдаған қала әкімі мәселелерді шешу жолдарын анықтап, тиімді шаралар қабылданатынын айтты.

Жиын соңында қала әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Айжанат Бақытқызы

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу