“Ауыл аманаты” бағдарламасы: Ауыл кәсіпкерлеріне жаңа серпін
Қазіргі уақытта жауапты ведомство өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобы өңір халқына “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Тұрғындармен кездесу Алтай қаласы мен Үлкен Нарын аудандарынан басталды, деп хабарлайды Altainews.kz сайтының тілшісі.
Өткен жылы “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша облысқа бірінші траншпен бөлінген 1 млрд теңге уақытылы игеріліп, жыл соңына қарай тағы 1,5 млрд теңге бөлінген еді. Осыған байланысты бүгінгі таңдағы негізгі талап – осы қаржыны игеру. Мәселен, өткен жылы аталмыш жобаға қатысуға 700-ге жуық өтінім түссе, соның 72-сі мақұлданып, несиелендірілген. Былтырғы бизнес-жобалардың арасында өңдеу өнеркәсібіне, соның ішінде табиғи таза ауылшаруашылық өнімін алуға негізделген тамақ өнеркәсібі мен туризмді дамытуға ерекше басымдық берілген.
Ауыл халқының әл-ауқатын көтеріп, тұрмыс деңгейін жақсартуға арналған жобаға Алтай мен Риддер моноқалаларынан бөлек, облысқа қарасты барлық аудандар мен Серебрянск кенті қатысуға құқылы. Бағдарлама шеңберінде несиелендіру мерзімі 5-7 жыл болса, пайыздық мөлшерлеме 2,5%-ды құрайды. Ауылдық жердегі тұрғындарға мұндай жеңілдік пен қолдау бұрын-соңды болмаған.
Атап өтелік, “Ауыл аманаты” бағдарламасының тиімділігін ауыл халқына түсіндіруге негізделген ақпараттық-түсіндірме жұмысының басты мақсаты – жоба жұмысының ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қаржылық сауаттылық пен заң тұрғысында көмек көрсету. Яғни ауыл тұрғындарының мемлекеттік қолдау мен жеңілдікті пайдалана отырып, өз кәсіптерін дамытуына қолайлы жағдай жасау. Бұл өз кезегінде, өңір экономикасының дамуына серпін беріп, бөлінген қаржының мақсатты түрде жұмсалуына септігін тигізеді. Кездесу соңында көпшілік ауылшаруашылық техника алуға, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға байланысты бизнес-жобалардың жүзеге асырылуы туралы сұрақтарын қойып, тиісті жауап алды.
Арайлым Орсаринова
Фото: Жәнібек Ырысбай