Глубокое ауданындағы нышандарды пайдаланылу тәртібі мен насихатына оң баға берілді
Облыста Мемлекеттік Елтаңбалар кезең-кезеңмен жаңа нұсқасына ауыстырылып жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Өткен жылдың 1 қарашасында Елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы латын қарпіне көшіріліп, мемлекттік рәміздің стандарты жаңартылған болатын.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смиттің мәліметінше, қазіргі кезде облыста 3494 дана Елтаңба қолданылады, олардың 1364-і жаңа нұсқаға ауыстырылған. Қалған 2130 гербті 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін толық ауыстырып шығу жоспарлануда.
– Басқармалардағы Елтаңбалардың төрттен үші өзгертілді. Аудандар бойынша ауыстырудан көш бастап келетіндер – Риддер қаласы мен Үржар, Зайсан, Аягөз аудандары, – деді Ирина Смит.
Ішкі саясат басқармасы техникалық реттеу департаментімен бірлесе Өскемен қаласы мен Алтай, Ұлан аудандарында мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманың орындалуына тексеру жүргізген. Нәтижесінде, он шақты бұзушылықтар анықталып, олар бір күннің ішінде түзетіліпті.
Сондай-ақ, қыркүйек айында Өскемен, Семей қалалары мен Глубокое, Шемонайха аудандарына республикалық инспециялық комиссия келіп, рәміздердің қолданысын қадағалаған. Олар нышандардың пайдаланылу тәртібі мен насихатына оң бағасын беріп қайтыпты.
– Басты мәселе лицензияланған рәміздердің сапасы болып отыр. Біз тулардың қатты желде сетінеп, жыртылып кететінін, ал гербтердің күн көзінде оңып, түсін өзгертетінін байқадық. Осыған орай біз осы тауарларды өндіруші кәсіпорындарға тиісті хат жолдап отырмыз, – деп баяндады басқарма басшысы.