Қазақстанда жаңа үйленгендерге 3 миллион теңге беруді ұсынды
Елімізде жаңадан отау құрған жас жұбайларға бюджеттен 3 миллион теңге бөлу ұсынылды. Мұндай идеяны журналист және қоғам қайраткері Гүлжан Ерғалиева айтты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ол өзінің Фейсбук әлеуметтік желісінде бір қазақ отбасының хикаясын жазыпты.
- Бір кедей отбасы қызын тұрмысқа беру үшін 3 миллион теңге несие алғаны туралы естідім. Жасау, құдаларға сый-сияпат сатып алып, 90-100 адамға арналған ұзату тойын жасау қажет қой. Соның бюджеті, міне, осындай, - деп жазады Гүлжан Ерғалиева.
Алайда отағасының тұрақты жұмысы жоқ екен, әйелі мектепте еден жуушы болып қызме етеді. Алатын айлығы 70 мың теңге.
- Сонда олар бұл несиені қалай төлемек? Оған қоса пайызы бар, - дейді журналист.
Ұқсас жағдайға көптеген қазақ отбасы тап болады. Той шығындарын адамдардың қалтасы көтере бермейді. Сол себепті Гүлжан Ерғалиева елде «той капиталын» енгізуді ұсынады.
- Егер мемлекет жас жұбайларға 3 миллион теңге мөлшерінде «той капиталын» бөлетін болса, біз кедейленіп қалмайтын шығармыз? – деп жазады ол,
Сондай-ақ, ол мұндай қаражатты тек алғашқы рет отау құрып жатқан жастарға ғана беруді ұсынды.
Дегенмен, әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі бұл идеяны қолдамады.