Семейдегі саябақтың ашылу мерзімі тағы да ұзартылды
Семейдегі орталық саябақтың пайдалану мерзімі тағы да ұзартылды. Қала халқы саябақтың қызығын биыл емес, келесі жылы қызықтайтын секілді. Себебі, әлі де дайын емес, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі express-k.kz сайтына сілтеме беріп.
Құрылыс жұмысы көктемде басталған саябаққа 1 миллиард теңге қарастырылған еді. Сол кезде жауапты мамандар шаруаны үш айдың ішінде тап-тұйнақтай қылатынын айтқан. Алайда олай болмай қалып, мерзім қазан айына ұзартылған еді. Енді, міне, қазанда да саябақтың қақпасын қара құлып күзететін түрі бар. Мамандар келесі жылдың маусымына дейін пұрсат сұрап отыр.
Қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы кінәні ауа райының қолайсыздығынан іздейді.
– Жұмысты 16 қыркүйекте бастап едік. Ауа райының қолайсыздығынан кейбір шаруаларды биыл тындыру мүмкін емес. Келесі жылдың маусымында барлығын даяр қылуды жоспарлап отырмыз, – деді ТҮКШ басшысы Амантай Өтелбаев.