"Көпшілігі екі сиыр сатып алуды көздейді" – Инновациялық жобалар ауылға тән емес
Мемлекеттік қолдау алуды көздеген жобалар ішінде инновациялық құрам негізінен қала кәсіпкерлеріне тән. Ал ауыл-аймақ кәсіпкерлері көбінесе шаштараз ашып, мал сатып алуға ғана ниетті.
Бұл жөнінде «Еңбек» бағдарламасы аясында ұсынылған жобалардың жетістіктері мен кемшіліктері жайын талқылаған облыстық Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Жандос Оралханов мәлімдеді. Жобалар ішінде инновациялық құрам Өскемен және Семей қаласының тұрғындарына тән екенін атйқан ол, ауыл кәсіпкерлерінің көбінесе шаштараз, маникюр кабинеттері мен тігін цехтерін ашуды және мал мен құс сатып алуды ғана көздейтінін алға тартты.
– Көпшілігі қолдарына тиген 200 АЕК мөлшеріндегі гранттық қаржыға екі сиыр сатып алуды көздейді. Көпшілігінің ата-анасы осыған дейін де төрт түлік асырап отырған. Енді балалары да өз үлестерін қосып, отбасылық бизнесті сауатты бизнес негізде жүргізбек ниетте, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Ғалия Тоқтасынова.
Естеріңізге салсақ, біз осыған дейін өңірде Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 297 жобаның мақұлданғаны жайында жазған едік. Тамыз айында ұсынылған жобалар ішінде өңіріміздің аудан, қалалары ерекше белсенділік танытты. Атап айтсақ, бұл жолы Катонқарағайдан – 30, Зайсаннан – 29, Семейден – 26, Көкпектіден – 25, Жармадан – 24, Тарбағатайдан – 23 жоба мақұлданған.