Жолдау халықты қызықтырған мәселелерді дөп басты
«Конструктивті қоғам диалогы – Қазақстандағы тұрақтылық пен дамудың негізі» - міне Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың 700-ден астам қатысушысы бар аудиторияны жинап, талқылаған басты тақырыбы.
Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен талқылаған Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің оқытушылары мен студенттері ел дамуының жаңа кезеңдерін саралап, Президент қойған міндеттерден көп үміт күтетіндерін айтты. Жиынға жоғары оқу орнының ғалымдары мен оқытушылар құрамы және студенттер қатысты.
– Осының бәрі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасының негізі болған еді. Енді міне ол берген уәделерін жүзеге асыруды бастап кетті. Жолдауда ел дамуының барлық салалары қамтылған. Өз саламыз бойынша айтар болсам, Президент бүгінгі таңда еліміздегі жоғары оқу орындары түлектерінің 60 пайыздан астамының жұмыс таба алмай жүргенін айтады. Бұған бірінші кезекте алған білімнің сапалы болмауы әсер етуде. Осы себепті ел басшысы мұндай университеттер санын азайтуды ұсынып отыр. Ол елімізге жұмыссыз, білімсіз, дипломды сатып алған азаматтардың керек жоқтығын айтады. Бұл жолдауда айтылған тағы бір мәселе – қала мен ауыл мектептерінің арасындағы айырмашылықты жою мәселесі, – деді Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов.
Сондай-ақ ол Президенттің шағын және орта бизнесті салық төлемдерінен босату жөніндегі тапсырмасының да ел экономикасына көптеген жағымды өзгерістер әкелетінін атап өтті.
– Бұл жолғы Жолдауда әлеуметтік қамсыздандыру және саяси биліктің халық алдындағы есептілігіне қатысты бөліктер ерекше қызық болды, – дейді Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының аға оқытуышысы Светлана Линок. – Қазіргі уақытта қоғамның әлеуметтік қамсыздандыру бағыты бойынша үміті өте жоғары. Осы себепті Жолдау халықты қызықтырған мәселелерді дөп басты деп айта аламын. Бұл бірінші кезекте жалақыны жоғарлатуға, адамның өмір жасын ұзартуға, тұрғынүй жағдайын жақсартуға, әділдікке бағытталған мәселелер болды.
Бұл жолғы Жолдаудың билік тарапынан жіберілген қателіктердің мойындалуымен ерекшеленгенін алға тартқан Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасы деканының міндетін атқарушы Раушан Айдарбаева халық пен билік арасын жақындатуда жаңа белес ашылғанын атап өтті.
– Болашақта қоғамда келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін халықтың мұң-мұқтажын тыңдайтын билік керек. Халықты күшпен басып, мұңына көңіл аудармайтын болсақ ішкі жағдай ушығып кетуі мүмкін. Міне осы себепті осы Жолдауда осындай мәселелерді дер кезінде естіп, шешіп отыру мәселесі қозғалды, – деп қосты ол.