ШҚО-да қанша балаға мектеп формасы тегін берілді?
Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділованың айтуынша, көпбалалы отбасынан шыққан балаларды оқу формасымен қамтамасыз ету толық аяқталды. Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі қоғамдық комиссия отырысында айтылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Мектеп киімдерін тарату барысында Өскемен мен Үржар ауданында ата-аналар тарапынан сапа мен көлемге байланысты наразылық туындаған болатын. Қазір ол мәселені толық шештік. Орынына басқа киімдер берілді. Киімдерді жергілікті «Ақ маңдай», «Иснар», «Юнис», «Семспецснаб», «Ақ тұмар» сынды бес кәсіпорын тіккен болатын, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.
Осы сәтте комиссияның мүшесі Жұлдыз Ақтанжанова Үржар, Зайсан сынды кейбір аудандардың балаларына мектеп формасы неге толық берілмегенін сұрады.
– Біз бұл жерде ата-аналардың қалауын ескердік. Өздерінің тапсырысы бойынша қалаған киімдерін алып бердік. Біреуіне кеудеше, екіншісіне шалбарын дегендей, – деп жауап берді Сайрангүл Жұмаділова.
Айтуынша, облыста 33 583 балаға мектеп киімі берілді. Бұл үшін облыстық бюджеттен қосымша 500, 7 миллион теңге бөлінген екен.