Бұқтырмаға батып кеткен жігіт бес күннен бері табылмай жатыр
Бұқтырмаға батып кеткен жігіт бес күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
15 тамыз күні Алтай ауданының тұрғыны Ақылбек Зұлпатай Бұқтырма өзеніне батып кеткен. Оның туыстары тәулік бойы өзен жағасын «торып» жүрген көрінеді. Құтқарушылар айдынды сүзіп шықты. Көмекке Ақылбектің әріптестері де келіп қосылған. Алайда әлі күнге нәтиже жоқ.
Ақылбек Алтай ауданының ветаринария бөлімінде жұмыс істеген. Бөлім басшысы Қайдарбек Тұратауовтың айтуынша, үш қызметкер (екі жігіт, бір бойжеткен) Быков ауылынан қайтып келе жатқан.
– Олар Малеевск көпірінің жанына тоқтап, өзенге шомылмақ болған. Жігіттер суға түскен, ал қыз көпірде қалған. Ақылбек кенет суға батып, жоқ болып кеткен, – дейді аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Қайдарбек Тұратауов.
Жергілікті тұрғындар немесе демалушылар қаза тапқан адамның денесін тапқан жағдайда, 8-747-874-39-73 телефон номеріне немесе 102-ге қоңырау шала алады.
Айта кетейік, Ақылбек Зұлпатайдың әйелі мен үш баласы бар.