KZ
Өскемен
снег жел 7 м/с, Ю
527.58 546.15 5.29

Күршімдегі паромның жұмысы енді камера арқылы бақыланады

16.08.2019, 12:02 169

Жасыратыны жоқ, Бұқтырма су қоймасынан паром арқылы Күршім мен Марқа өңіріне және Зайсан ауданына ағылған жұртшылық соңғы уақытта әбден әбігерге түскен болатын. Жалғыз жүріп жатқан паромды сағаттап күтеді. Әлеуметтік желіге жайылған жұрт наразылығы облыс басшысына да жеткен. Сондықтан, ондағы жағдайды нақты көріп білу үшін облыс әкімі Даниал Ахметов өткел басына арнайы барды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Расымен де, әкімді көрген халық бірден шағымдарын қарша боратты.

- Бір паром ғана жүреді, екіншісі сынып тұр. Сыймай қалсақ, үш-төрт сағат тосамыз. Той-томалақты айтпағанда, құран оқып, қол жаятын шараларға да кешігіп жатырмыз. Оның үстіне, күн де ыстық, балалар шыдамайды, - дейді Қадырбек есімді жолаушы.

Ал облыс басшысының екінші паром қашан жүреді деген сауалына Жолаушылар  көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Нұржан Жұмәділов нақты жауап бере алмады. Тек сынған қозғалтқышқа бөлшек табылмай жатқанын жеткізді.

Басқарма жұмысын сынға алған әкім ушыққан жағдайды тез реттеуді тапсырды.

- Сендерге сенімді басқаруға берген мекеме жұмысын тексеріп отыруды мен былтыр тапсырған едім. Бәрі дұрыс дедіңдер, соңы мынау болды. Сынған паромды өткен жылы жөндеу керек болған. Ол жауапсыз кәсіпкерді жеке шақырып сөйлесем. Ал сендер екінші паромды тез шығарыңдар, қажет болса, бұрынғы шағын паромдарды қосыңдар. Мұнда камера орнатып, арнайы кезекшілік қойылсын. Кезекті бұзу секілді тәртіпсіздік мәселесін жойыңдар, - деп аймақ әкімі басқарма басшысына мәселе шешілгенше өткелде болуды қадап тапсырды.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу