KZ
Өскемен
небольшой снег жел 7 м/с, ОБ
527.58 546.15 5.29

ШҚО-да экологияға және мүгедектерді жұмыспен қамтуға арналған бес әлеуметтік жоба қолға алынды

16.08.2019, 09:42 101

Өңірімізде экологиялық және мүгедектерді жұмыспен қамтуға арналған бес әлеуметтік жоба алдағы уақытта іске асуы мүмкін. Мемлекет пен бизнес қауымдастықтың және үкіметтік емес ұйымдар арасында қолға алынуы жоспарланған жобалар туралы облыстық Кәсіпкерлер палатасы мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Облысымыздың бизнес өкілдері ІІІ-республикалық «Асар» үшжақты келісімшарт форумына қатысуға үмітті әлеуметтік жоба өкілдерімен кездесті. Жалпы, мұндай үшжақты әріптестік жаңа идеялардың, технологиялардың пайда болуына, сондай-ақ қызмет көрсету сапасының жақсаруына, жаңа жұмыс орындарының пайда болып, тұрғындардың өмір сүру деңгейінің жоғарлауына жол ашатыны белгілі. Тамыз айының үшінші онкүндігіне жоспарланған республикалық «Асар» форумына дейін жергілікті жерлерде оған қатысуы мүмкін деген әлеуметтік жобалар анықталды. Біздің өңірден осындай бес жоба таңдап алынып, оның үшеуі облыстағы бизнес қауымдастық алдында таныстырылып үлгерді.

Атап айтсақ, семейлік «Әлем-Спас» қайырымдылық қоры қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды жекелеп жинайтын контейнерлерді орналастыруға арналған «Қоқыс – африкада да қоқыс» жобасын ұсынса, «Бумеранг» мәдени-экологиялық бірлестігі Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктер учаскесін жасауға арналған «Поперечное ауылы базасында экологиялық туризмді ұйымдастыру арқылы экологиялық білім беру» жобасын ұсынды. Үшінші жоба – Семей қаласының «Әйелдер және білім» қоғамдық бірлестігінің тірек-қимыл аппараты және психоневрологиялық дерті бар балалар мен жастардан қызмет көрсету саласы қызметшілерін дайындауға бағытталған «Жақсы кәсіп барлығына қажет» жобасы. Сондай-ақ, "Pitomnik.kz" жекеменшік қоры атынан қатысқан Алтай ауданы Парыгино ауылының тұрғыны экологиялық және әсемдік дақылдарды өсіретін «Пасека» агро-эко саяжай» эко-зертхана және бірінші сынып оқушыларын тұрмыстық қалдықтар мен пластик қалдықтарды қалай қолдануға үйрететін «Квест ПЭТ» экологиялық ойыны» жобаларын ұсынды.

– Бірінші кезекте осындай жобаларды жүзеге асырып жүрген үкіметтік емес ұйымдарға назар аудардық, – дейді облыстық Кәсіпкерлер палатасы Адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан. – Сонымен қатар бастамалар қандайда бір қаржылай пайда табуды емес, тұрғындардың белгілі бір санаттарын қолдауды мақсат тұтатын жобалар болуы керек.

Жобаларды таныстыру рәсіміне қатысқан «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «Өскемен жылу жүйелері» АҚ, «Авангард-инфо» ЖШС, «Алтынстом» ЖШС және тағы басқа да бизнес өкілдері аталмыш жобалардың болашағы барын айтып, қаржылай шығыстар жағын әлі де ретке келтіру қажеттігін атап өтті.

Енді, аталған бес әлеуметтік жобаның әрі қарайғы тағдырын «Асар» форумының ұйымдастыру комитеті шешеді. Облыстық Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, егер жобалар жергілікті бизнес қауым өкілдерін қызықтырса, олар үшжақты келісімшарт жасасу үшін форумға жіберілетін көрінеді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу