Тарбағатайда балалар театры ашылды
Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатта «Тамшы» атты балалар театры ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Театр режиссері Бейбіт Құсанбаевтың айтуынша, осыдан жеті-сегіз ай бұрын бұл үйірме ретінде ашылған. Кейіннен маңайдағы ауылдардан келіп қатысушы балалар қатары көбейді.
– «Ел іші – өнер кеніші» деген бар. Ауылда талай талантты бауыр-қарындастарым жүр. Мен осы ауылға келіп, жастарды өнерге баулуға шешім қабылдадым. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген ежелгі тәмсілді әсте ұмытуға болмайды. Астана – астана әлбетте, бірақ туған жердің жөні бөлек, – дейді Бейбіт.
Айтуынша, олар осы аз ғана уақыт ішінде халықаралық байқаулардан да жүлде алып үлгеріпті. Оған қоса қайырымдылық кештерін де өткізіп тұрады.
– Театрдың 60-қа тарта мүшесі бар. Болашақта ісімізді жалғастырып, облыстың бас балалар театры атанғымыз келеді, – дейді режиссер.