Қазақстан халқының саны бір жылда 236,4 мың адамға өсті
Қазақстанда халық саны 2019 жылғы 1 маусымда 18 млн 489,7 мың адамды құрады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
2018 жылғы 1 маусыммен салыстырғанда халық саны 236,4 мың адамға немесе 1,3% өскен. Бұл туралы ҰЭМ Статистика комитеті мәлімдеді.
Талдап айтар болсақ, қала тұрғындарының жалпы саны 10 млн 767,6 мың адамға жетіп, Қазақстан халқының 58,2%-ын құрап отыр. Ауылдарда жалпы 7 млн 722,1 мың адам, яғни республика халқының 41,8%-ы тұрады.
Комитеттің мәлімдеуінше, биылғы қаңтар-мамыр айларында республикада 1 жасқа дейінгі 1 459 сәби шетінеген (былтырғы көрсеткіш 1 366). Ал нәресте кезінде шетінеу коэффициенті әр 1000 нәрестеге 9,04-тен тура келген. Нәрестелердің шетінеуінің басты себебі жүктілік кезіндегі ауру-сырқау болып отыр. Соның салдарынан биылғы бес айда 772 нәресте көз жұмған.
Статистердің сөзіне сүйенсек, биылғы қаңтар-мамыр айларында Қазақстанға келушілердің саны 10,8%-ға қысқарып, кеткендер саны 19,8% өскен.