KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 4 м/с, З
518.57 566.59 6.05

Өскеменде ерлік пен тарихты дәріптеген іздеушілер форумы өтті

4.04.2025, 12:00 297 Серік Құсанбаев


Өскемендегі Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлік елге мұра, ұрпаққа ұран» атты өңірлік іздеушілер форумы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Форумның негізгі мақсаты – майданда қаза тапқан жауынгерлердің тағдырын жүйелі түрде анықтау үшін әртүрлі ұйымдар мен іздеушілердің күш-жігерін біріктіру, сондай-ақ іздестіру-еріктілер қозғалысын дамыту.

Шараны Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, үкіметтік емес ұйымдар және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ұйымдастырды. Форумға Алматы қаласынан, ШҚО, Абай және Павлодар облыстарынан іздеуші-еріктілер, іздестіру жасақтарының өкілдері, оқытушылар, студенттер, тарих пәнінің мұғалімдері, жастар ресурстық орталықтарының мамандары, қорғаныс істері басқармаларының өкілдері, архив және музей қызметкерлері қатысты.

Форумның ашылу салтанатында ШҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Бурахан мен Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смит іздеуші-волонтерлердің еңбегін атап өтіп, бірқатар қатысушыларға Алғыс хаттар табыс етті.

Тағылымды шара аясында пленарлық отырыс өткізіліп, іздестіру жұмыстарының нәтижелері таныстырылды. Сондай-ақ архив материалдары мен фотокөрмелер ұйымдастырылып, форумның қарары қабылданды.

Қатысушылар қаза тапқан жауынгерлер туралы мәліметтерді іздеу әдістері мен технологияларын талқылап, тарихи жадыны сақтау мәселелерін көтерді.

– Бұл форум – соғыс тарихын зерттеуге, қаза тапқан сарбаздардың есімін мәңгі есте қалдыруға және іздестіру қозғалысын дамытуға мүдделі жандар үшін аса маңызды шара, – дейді форум модераторларының бірі, іздеуші-волонтер, филология пәнінің мұғалімі Зәуреш Байкенова.

Форум соңында ұйымдастырушылар қатысушылар мен қонақтарға арнап арнайы экскурсиялар ұйымдастырды.

Фото/видео: Даниил Суворов

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу