KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 1 м/с, С
479.05 534.57 5.17

Шығыс Қазақстанда ауыл әйелдерінің форумы басталды

12.07.2019, 09:50 212

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысының ауыл әйелдері форумы өз жұмысын бастады. Өңір дамуына өз үлестерін қосып жатқан нәзік жандылардың басын қосқан форум екі күнге созылмақ. Шараның алғашқы күні ашылу салтанаты мен тәжірибелік сағаттардан тұрса, екінші күнінде форум қатысушылары Зайсан ауданына атбасын бұрып бүгінде ісін дөңгелентіп отырған Аэлита Ахметсәлімқызының «Айка» шаруа қожалығының жұмысымен танысады.

– Біздің бүгінгі форумымыз Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен өткізіліп жатыр. Шараның басты мақсаты ауыл-аймақтағы әйелдердің әлеуетін анықтап, оларға қолдау жасау, түрлі бағыттар бойынша дамытып, әл-ауқатының артуына жағдай жасау болып табылады. Бүгінде өңіріміздегі 3300-ден астам ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіпорындарды, 790 шағын және орта кәсіпкерлік нысанды әйел азаматшалар басқарып отыр. Сондай-ақ Бородулиха ауданын Ольга Булавкина есімді азаматша тізгіндеген. Бұдан бөлек, облысымыздағы 24 ауылдық округтің әкімдері нәзікжандылар. Аудандық, қалалық мәслихаттардың 57 депутаты әйел қауымынан болса, 372 мемлекеттік органды осы жандар басқарып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Бүгінгі таңда облыстағы әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты әйелдерді, оның ішінде көпбалалы аналарды қолдауға бағытталғанын айтқан Әсем Бекқызы қазіргі уақытта көпбалалы отбасыларды білім беру, медицина, тұрғынүймен қамту салалары бойынша арнайы бағдарлама жасақталып, сәтті іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.

– Кеше ғана облыс әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданында кезекті іссапарымен болып көпбалалы аналарды баспанамен қамту бойынша жасалған облыстық бағдарламаның бірінші кезеңін аяқтады. Осылайша өңірдің ауылды жерлерінде тұрып жатқан 230 көпбалалы ана тұрғынүймен қамтылды. Көпбалалы отбасылардың барлық балалары балабақшаларда тегін тәрбиеленуде. Бірінші қыркүйектен бастап осындай жанұялардың мектепте оқитын балалары мектеп формасымен қамтылып, тегін тамақтандырылатын болады. Жоғары оқу орындарының, колледждердің гранттары бірінші кезекте көпбалалы отбасылардың балаларына беріледі. Бүгінгі форум арқылы біз барлық мемлекеттік қолдау шараларын ауыл-аймақтағы әйелдерді, көпбалалы отбасыларды, жалпы ауыл тұрғындарын қолдауға бағыт-бағдар қалыптастыруды көздеп отырмыз. Гендерлік саясатқа көбірек назар аударудағы басты себеп – әйелдің арқасына артылған тұрмыстық-отбасылық және әлеуметтік жауапкершіліктің көп болуы. Сондықтан форум барысында айтылатын жақсы мысалдар өңірдегі барлық әйел азаматшаларды әлеуетін кәдеге жаратуға септігін тигізеді деп ойлаймын, – деп қосты Әсем Нүсіпова.

– Сәндік-қолданбалы өнермен айналысамын, – дейді Көкпекті ауданынан келген Жанна Жабекова есімді форум қатысушысы. – Түрлі сәндік бұйымдар жасаумен шұғылданамын. Балалардың киімін тігіп, авторлық жұмыстар жасаймын. 2016 жылы өз бизнесімді дамытуға Көкпекті аудандық Кәсіпкерлер палатасының қолдауымен үш миллион теңге көлемінде грант ұтып алған болатынмын. Бүгінгі форум арқылы өз ісімізді білікті түрде жүргізуге мүмкіндік алып, бизнестің қыр-сырына үйретеді деген сенімдемін.

Сондай-ақ, ол биылғы жылы қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан ауыл әйелдерінің форумына шара барысында сайланатын делегаттар қатарында болғысы келетінін де жасырмады. 

Форумның ашылу салтанатында Әсем Нүсіпова өз мамандығына өмір бойы адал болған бірнеше әйел азаматшаға облыс әкімінің атынан арнайы грамоталар мен ақшалай сыйақылар табыстады. Марапатталушылар қатарында 77 жасқа келсе де қой бағу кәсібін тастамаған катонқарағайлық Сәбилә Құрманова, «таксиші апа» атанған 72 жастағы аягөздік Оразхан Манабаева, өңірде алғашқылардың бірі болып үкіметтік емес ұйым құрған Сақан Әубәкірова, әйел затына тән емес электр-дәнекерлеушісі болып жұмыс істеген катонқарағайлық Зоя Овчинникова мен өмірін трактор рөлінде өткізген Зүлфия Ерқасымова болды.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив