Шығыста 150 елдімекеннің Интернетке қолы жетпей отыр
Облыс аумағындағы елдімекендерде цифрландыру бағдарламасы дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Әсіресе медициналық бекеттерде интернет мәселесі ақсап тұр. Жуықта облыс әкімі Даниал Ахметов аталған жайтқа тоқталып, жауапты мекемелерге қатаң тапсырма берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жыл басынан бергі мәліметке сенсек, Шығыс Қазақстан облысы компьютер сауаттылығы жөнінен кейіндеп қалыпты.
– 150-ден астам елдімекендегі медициналық бекеттердің интернетке қолы жетпей отыр. Энергетика басқармасы қайда қарап отыр? Денсаулық сақтау басқармасы ше? Мемлекеттік бағдарламаға осылайша салғырт қарауға бола ма екен? – деген аймақ басшысы аталмыш басқармаларға тапсырма берді.
Жауапты мекемелер «Қазақтелекомның» облыстағы филиалымен тығыз жұмыс істеп, істі оң шешу үшін жоспар құратындарын айтты.