KZ
Өскемен
-17°
небольшой снег жел 2 м/с, СБ
518.14 537.57 5.27

Өскеменнің ХҚО қызметкерлері ым-ишарамен сөйлесуге машықтанып жатыр

1.07.2019, 05:41 111

Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері ыммен сөйлесуге машықтануда. Кедергісіз орта қалыптастыруды қолға алған Президент  жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалы осындай қызметшілердің алғашқы легін даярлап шығарды.

Академияның облыстық филиалында өткен үш күндік семинар барысында өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан шақырылған 28 қызметші ым қарым-қатынасы бойынша семинарға қатысты. Оларға алғашқы сабақты «Саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы, тренер-сурдоаудармашы Елена Баус жүргізді. Инклюзивті ортаны дамытудың маңызды жақтарын айтқан ол кемшілікке қарамастан барлық адамдардың тең дәрежеде болуы қағидасын ұстану қажеттігін ескертті.

– Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне  жарымжан жандардың да жүгінетін кездері аз емес. Бұл бағытта өздігінен жүріп-тұра алатын саңыраулар белсенді. Мұндай адамдардың бізге жүгінуіне мүлдем дайын емеспіз деп айта алмаймын. Өйткені Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «онлайн сурдоаударма» бағдарламасы бар. Дегенмен мұндай бағдарламадан гөрі, қызметшілеріміз келген адаммен бірден тіл табысып, сөйлесіп кеткені біз үшін тиімді. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтің жеделдеуіне жағдай жасайды. Сол себепті орталық қызметкерлерінің ыммен сөйлесуге машықтанғаны жөн, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ облыстық филиалының  директоры Асхат Жарылқасынов.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлеріне мұндай коммуникацияның бір жағынан қызықты болатынын алға тартқан Жанар есімді тыңдаушы, екіншіден адам үшін бөлек әлемнің ашылатынын айтады.

– Мен үшін осындай ерекше жандарды танып-білу қызықты. Дәмханада отырғанда, қоғамдық көлікте келе жатқанда ыммен сөйлесіп бара жатқан адамдарды көріп, «олардың не жайында сөйлесіп тұрғанын түсінсе ғой» деп ойлайтынмын. Енді оларды өзім де түсінетін болдым. Орталыққа  келген осындай жандарға еш кедергісіз қызмет көрсете алатын болдым. Осылайша, ыммен сөйлесуге машықтана отырып, біз қарым-қатынас кеңістігін кеңейтеміз әрі тең мүмкіндіктер әлемін қалыптастырамыз, – дейді ол.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу