Арысқа көмек: «Донор күніне» мыңға жуық адам қатысты
Облысымызда Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету іс-шаралары жалғасуда. Соның бірі бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚМУ базасында өтті.
Дәлірек айтсақ, ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы мен облыстық қан орталығы бірлесіп, Түркістан облысындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен халыққа жәрдем беру мақсатында «Донор күні» қайырымдылық акциясын өткізді.
Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуына қарағанда, шараның ұйымдастырылуына облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен ішкі саясат басқармасының өкілдері, сондай-ақ Х республикалық «Жайдарман» фестивалінің қатысушылары мен еріктілер атсалысты. Акция барысында қатысушылар қан тапсырып, жиналған қаржыны Арыс қаласының арнайы есепшотына аударды.
– Бүгінгі шараға шамамен бір мыңға жуық адам қатысады деп жоспарлап отырмыз, – деді қайырымдылық акциясы басталмай тұрып А.Есімбекова. – Әр қан тапсырушыға бір мың теңгеден беріледі. Бұл ақша толықтай қайырымдылық қорына аударылмақ.
Сауабы мол шарадан ШҚМУ қызметкерлері де шет қалмапты. Белгілі болғандай, жоғары оқу орнының мамандары зардап шеккендерге көмек ретінде бір күндік еңбекақыларын аударып, нәтижесінде арнайы ашылған есепшотқа шамамен екі миллион теңге көлеміндегі қаражат аударылған. Бұған қоса университет басшылығының ұйғарымымен Арыс қаласының мектеп бітіруші 10 түлегі тегін оқу және жатақханада тұру мүмкіндігіне ие болмақ.