KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 2 м/с, В
494.87 520.65 4.91

Дала жидегі де тегін емес. Артық терсеңіз айыппұл

20.06.2019, 10:32 240

Жаз шыға ауыл-аймақ тұрғындары орман-тауды бетке алып, жидек теруге баратыны белгілі. Жидек теріп, тосап қайнатқанға не жетсін? Десек те мұндай əрекеттің жақсы жағымен қатар, жағымсыз жағы да жоқ емес. Бұлай дейтін себебіміз, көпшілік тау жидегін теру қызығына түсіп, рұқсат етілген мөлшерден тыс жинаған жидегі үшін тұтылып жататыны тағы бар. Артық жинаған жидек үшін салынатын айыппұл мөлшері де аз емес. Осы себепті біз бұл жолы тегін терілетін жидектің көлемі, оған берілетін рұқсат, өсімдік түрлерінің қайсысын жинап, қайсысын жинауға рұқсат етілмейтіндігі жайында айтуды  жөн көрдік. Деректі облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасы  ұсынды.

 Қанша көлемде тегін жинауға болады?

Облыстық мəслихаттың 2018 жылғы 12 сəуірдегі шешімімен өңірдегі орман байлықтарын жинап-теру құны белгілі болған еді. Атап айтсақ, бұл құжатпен тау жидегінің, саңырауқұлақ пен жаңғақтың тегін теруге болатын көлемі анықталды. Терілетін жидек көлемі бір адамға арнап есептелген, яғни бұл құжатта бір адамның бір уақытта қанша көлемде тегін жидек тере алатыны көрсетілген. Мысалы, кез келген өңір тұрғыны 25 келі саңырауқұлақ, он келі балқарағай жаңғағын, 15 келі бүлдірген, таңқурай, қарақат, қаражидек, он келі долана, шəңгіш, шетен, мойыл сияқты сүйекті жемістерді тегін тере алады.

Бұл нормалар үй жағдайында жидектен тосап қайнатып, емдік шөп тұнбаларын дайындауға толық жетеді. Бір ретте жинаған 15 келі жидек бір адамға емін-еркін жетіп тұр. Егер бірден екі адам жидек теруге шықса еркін түрде екі үлкен шелек жидек тере алады. Егер сіз жидекті белгіленген нормадан артық, яғни сату мақсатында жинасаңыз оған қосымша ақы төлейсіз. Мысалы, жидектер мен сүйекті жемістердің артық əр келісі үшін – 0,03 АЕК (75 теңге), саңырауқұлаққа – 0,02 АЕК(50 теңге), ал балқарағай жаңғағы үшін – 0,008 АЕК (20 теңге) мөлшерінде қосымша ақы төлеп, билетін аласыз. Естеріңізге салсақ, биыл 1 АЕК – 2525 теңгені құрайды.

Дəл осындай талап дəрілік шөптерге де қойылады. Мысалы, бір ретте бір терушіге алты келіге дейін батпақ иірі шөбінің тамырын, бес келі кіші маралот, дəрі балдырған, төрт келі күреңот (иван-чай), үш келі қос үйлі қалақай, ащы жусан, қымыздық пен итошағанды жəне де екі келі мыңжапырақ пен көктемгі шешек гүлін жинауға болады.

Емдік шөптерді нормадан тыс артық жинағыңыз келсе, жидек пен жаңғақ сияқты ақысын төлеуге тура келеді. Мысалы, күреңоттың əр артық келісі үшін 0,01, ал дəрілік балшатыр үшін – 0,08 АЕК көлемінде қосымша ақы төлейсіз.

 Теруге болмайтыны да бар

Қызыл кітапқа енгізілген өсімдіктерді теруге болмайды. Олардың қатарына өңірімізде өсетін аю пияз бен алтай рауғашы бар. Бірнеше жыл бұрын аю пияз жинаған зейнеткер əйелдің ісі сотта қаралып, миллион теңгеге жуық айыппұл салынған болатын.

Сондай-ақ құрамында есірткі компоненттері бар өсімдіктерді жинап, дайындауға да тыйым салынған.

 Айыппұл салынса...

Облыстық  табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсайыновтың айтуынша, рұқсатсыз жеміс-жидек терген азаматтарға қарапайым аймақтарда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 370-бабына сәйкес ескерту жасалып немесе үш айлық есептік көрсеткіш (7575 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (Катонқарағай МҰТП, Батыс Алтай қорығы немесе Семей орман шаруашылығы және т.б. аумақтарда) айыппұл көлемі 20 АЕК-ге (50500 теңге) дейін өседі.

 Заң талаптарын орындаған дұрыс

Айталық, сіз орманнан жидек пен саңырауқұлақ термекші болдыңыз делік. Мұны заңды түрде қалай жүзеге асыруға болады?

– Жеміс-жидек түрлерін жинау үшін арнайы орман билеті жазылады, – дейді Мұрат Құсайынов. – Орман билетін алу үшін тұрғындар өздеріне жақын орналасқан орман шаруашылығы мекемесіне жүгінеді. Орман билетін орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемелері жазып және қанша күнге берілгендігін көрсетеді.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу